Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өзінің құттықтау сөзінде іргесі қаланғалы ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан оқу орынның ұстаздарына алғыс білдірді. «75 жылдық тарихы бар білім ордасы үшін биылғы жыл толағай табыстарға толы болды. Атап айтсақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының рейтингісінде ІІІ-орынды иеленсе, QS рейтингісі бойынша әлемдегі 4,5 мың жоғары оқу орындарының ішінде 609-дан 501-ші орынға көтерілді. Бұл осында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан оқытушы-профессорлардың ерен еңбегі деп айтар едім. Жалпы Түркістан өңірінде 500 мыңнан аса жас бар. Мұнда оқитын студенттердің басым көпшілігін облысымыздың жастары құрайды. Ендеше осында білім алып, өз саласының үздігі атанған бітіруші түлектер түркі дүниесінің орталығына айналған Түркістан облысында өздерінің жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асырады деп сенім білдіремін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Шара барысында белсенді қоғамдық қызметі және білім беру мен тәрбие ісі процестерін ұйымдастыруда еңбек еткен университеттің бірқатар қызметкерлері «Ыбырай Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.Сонымен қатар, еліміздің игі істері мен жаңашыл бастамаларының алдыңғы сапынан табылып жүрген оқу орынның түлектері –ҚР Ұлттық Ғылымдар Академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик М.Жұрыновқа, экономика ғылымдарының кандидаты, 1973 жылдан ҚазХТИ комсомол комитетінің хатшысы, қоғам қайраткері, 1993-1997 жылдары ОҚО әкімі қызметін атқарған З.Тұрысбековке және бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»