Жұма, 21 Маусым 2019 20:38

Отырарлық оқушылар жазғы лагерлерде демалуда

Отырар ауданында балалардың жазғы демалысы жыл сайын аудан сыртында, мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде және спорттық секцияларда, тарихи орындарға саяхат үлгісінде ұйымдастырылып келеді.

Биылғы жылы Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылындағы «Отырар» балалар жазғы сауықтыру лагерінде 8 ауысым бойынша 1561 бала, оның ішінде аз қамтылған отбасы­ның балалары, көпбалалы, ата-ананың қамқор­лығынсыз қалған отбасы балалары демалуда. Былтыр бұл жазғы сауықтыру алаңында 4 ауысым бойынша 598 бала демалған болатын. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 974 бала артығымен қамтылған. Нәтижесінде биыл Отырар ауданына белгіленген меже 100% орындалып отыр. Ал мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде 31 білім беру мекемелеріндегі 2025 оқушы тынығуда. Бұл да былтырғы жылмен салыстырғанда 6,6% пайызға жоғарылаған. «Отырар» жазғы сауықтыру алаңында әрбір ауысым бойынша, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, балалармен жүргізілетін жұмыстар көп. Лагерьдің пе­дагогикалық шеберлігі жоғары, бала демалысын жүйелі атқаруға қабілетті тәрбиешілер іріктеліп алынған.

«Тоғыз ай уақытын мектепте өткізген оқушылар үшін жаз мезгілі ерекше. Олар демалып, жаңа оқу жылына шабытпен келіп, білімін одан әрі жетілдіреді. Бала­ға жазғы демалыстың берері көп. «Отырар» жазғы сауықтыру алаңында балалардың тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Лагерь ауласы жасылмен көмкерілген. Егілген ағаштар мен гүлдер көп, мұнда ұқыптылық пен тазалықтың бары байқалады. Әрине, мұның барлығы балалар үшін жасалып жатқаны белгілі», - дейді Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов. Әрбір оқушының тынығуы, бос уақытын тиімді пайдалануы аса маңызды. Оқушының көңілді, әрі тиімді өткізген жазғы демалысы - алдағы оқу жылындағы сапалы білім кепілі болып табылады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 806 рет