Сейсенбі, 01 Қыркүйек 2026 12:55

Созақ ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау соғылды

Созақ ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шараға А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте қатысып, ұстаздар қауымын, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде білім саласының сапасы мен әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттермен бөлісті. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтті. Оқушыларға жаңа оқу жылында толағай табыс тіледі.Шара барысында мектеп директоры Әуесхан Сағындықов білім ордасының өткен оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталып, жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттерді таныстырды. Ардагер ұстаз Бақыт Нұрмаханов ізгі тілегін білдіріп, мектеп оқушыларына ақ жол тіледі. Шара соңында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы мектептегі сыныптарды аралап, оқушылармен жүздесті. Білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, әрқайсысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, «Асқар шыңы» студиясында оқушылар дайындаған сауалдарға жауап беріп, жас өрендермен еркін форматта сұхбаттасты.

Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданында білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа оқу жылында 1468 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданып отыр. Ауданда 35 мектеп пен 39 балабақша жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында 2613 педагог еңбек етуде.Білім беру нысандарының жағдайын жақсарту және оқу процесіне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, А.Сүлейменов, Ә.Молдағұлова, Уәлиханов және Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарына терможаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге А.Сүлейменов атындағы мектептің жылу қазандығы сұйық отынға ауыстырылды.

Өткен жылдан бері білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. «KATКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қолдауымен 20 дәрісхана қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал білім саласының ардагерлері мен ауданның жанашыр азаматтарының демеушілігі нәтижесінде 122 оқу кабинеті заманауи талаптарға сай жаңартылды. Сондай-ақ, Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепке қосымша акт залы мен шеберхана салынды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 54 рет