Бейсенбі, 05 Қараша 2026 14:37

Кентауда «DIGITAL KENTAU–2026» республикалық форумы аясында гала-концерт өтті

Кентау қаласында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және заманауи медиа бағыттарын қамтитын «DIGITAL KENTAU–2026» республикалық форумы өткені белгілі. Ауқымды іс-шараға елімізге танымал сарапшылар мен білікті спикерлер қатысып, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, жаңа медиа мен заманауи контент өндірісін дамыту бағытында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форум жұмысы қаланың Ынтымақ алаңында жалғасып, ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарын айтулы шарамен құттықтап, елімізде цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Бүгін Кентау үшін ерекше күн. Қаламызда цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, заманауи медиа және инновациялық шешімдер талқыланған ауқымды форум өтті. Бұл – Кентаудың өндірісті қала ғана емес, сонымен бірге жаңа технологиялар мен жаңа мүмкіндіктерге ұмтылған заманауи қала екенін көрсететін маңызды басқосу.Бүгінде жасанды интеллект пен цифрландыру – уақыт талабы. Бұл бағыттар мемлекеттік басқарудан бастап білімге, экономикаға, мәдениетке және күнделікті өмірімізге дейін үлкен өзгерістер әкелуде. Ал осы өзгерістердің басты қозғаушы күші – білімді, ізденімпаз, жаңашыл жастар. Сондықтан Кентаудың келешегін біз ең алдымен жас ұрпақтың білімімен, білігімен және жаңа идеяларымен байланыстырамыз», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ шара барысында мобилографтар арасында өткен байқаудың қорытындысы шығарылып, үздік деп танылған қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Кеште отандық өнер жұлдыздары Qarakesek және Еркін Маулен сахнада ән шырқап, Кентау тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс» деген сөзі – еліміздің стратегиялық даму бағытын айқындайтын маңызды бағдар. Бұл бастама Қазақстанның әлемдік инновациялық кеңістікке енуін және жаңа технологияларға негізделген экономиканы қалыптастыруды көздейді. Жасанды интеллект технологияларын денсаулық сақтау, білім беру, көлік, қаржы және ауыл шаруашылығы салаларында қолдану – экономикалық өсімді жеделдетіп, басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтереді.

Сонымен қатар, бұл бағыттағы реформалар елдің жаһандық технологиялық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Президент бастамасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» және «Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобалары – еліміздің инновациялық дамуының негізін қалады. Алдағы жылдары Қазақстан интеллектуалды экономика мен жоғары технологияларға сүйенген озық елдердің қатарынан орын алуға ұмтылмақ.

Қазіргі таңда жасанды интеллект тек экономикалық немесе технологиялық құрал ғана емес, сонымен қатар қоғамның өмір сапасын жақсартудың маңызды тетігіне айналып отыр. Мысалы, медицина саласында жасанды интеллект науқастардың ауру тарихын талдап, диагноз қою мен емдеу процесін оңтайландырады. Ал білім беру жүйесінде ол оқушылардың жеке қабілетіне қарай бейімделген оқу бағдарламаларын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сапалы білім мен инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.

Көлік және логистика салаларында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, көлік кептелістерін азайтуға және жүк тасымалының өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Ауыл шаруашылығында да заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді – мысалы, дрондар мен автоматтандырылған жүйелер егістік алқаптарының жағдайын бақылай отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдер климаттың өзгеруіне бейімделуге және су, энергия ресурстарын үнемдеуге де көмектеседі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 59 рет