Бейсенбі, 04 Шілде 2019 17:42

Түркістан облысынан 8 оқушы 100 жеңімпаз қатарына қосылды

Алғашқы рет елордада 14 облыстың 162 ауданынан 703 үздік 9-сынып оқушыларының қатысуымен «IQanat» республикалық ауылдық мектеп оқушыларының слеті ағымдағы жылдың 1-5 шілде аралығында Назарбаев Университетінде өтіп жатыр. Қатысушылардың барлығы - «IQanat» республикалық олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары. 

«IQanat» олимпиадасы төрт пәннен өткізілді: математика, физика, ағылшын тілі және эссе жазу. 2018-2019 оқу жылының басынан бері 5 мың ауыл мектебінің 30 мыңнан астам оқушыларының қатысуымен аталған олимпиаданың екі кезеңі өткізілді. Слет ұйымдастырушысы - «IQanat білім қоры» қоғамдық қоры (iqanat.kz).Слеттің басты мақсаты – 2019 жылдың 2 шілдесінде сағат 10:00-де «IQanat» олимпиадасының республикалық кезеңін өткізіп, 4 пән бойынша 12 жеңімпазды, сонымен қатар 2020 жылы Бурабайда ашылатын «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде білім алуға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры ұсынатын 100 оқу грантының иегерлерін анықтау. 

Аталған слетке Мақтаарал ауданының намысын қорғауға 4 оқушы кеткен болатын. Солардың ішінде №6 Қ.Сәтпаев атындағы жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қанатжан Байбутаев жеңімпаздар тізіміне еніп, ауданның мәртбесін биіктен көрсетті. Аталмыш слет нәтижесінде Түркістан облысынан 8 оқушы 100 жеңімпаз қатарына қосылып, 2020 жылы Бурабайда ашылатын «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде білім алуға іріктелініп алынды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1035 рет