Ең алдымен жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында білім беру ұйымдарының жылыту қазандықтарына, жылу жүйелеріне шаю, тазалау, гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліпті. Гидравликалық сынақтан өткізу кезінде 28 мектептің жылу жүйелерінен ақаулар анықталып, ақау актілері түзілген. Анықталған кемшіліктерді жою үшін сметалық құжаттар дайындалып, аудандық бюджеттен 5 млн. 747 мың теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде екен.
74 млн. теңгені құрайтын жалпы қажеттілігі 6240 тонна қатты отынға конкурс өткізіліп, мердігер анықталған. Бүгінгі күнге дейін қатты отынның тасымалданғаны 4020 тоннаны құрапты. Қалған 2220 тонна көмір ағымдағы жылдың 23 тамызына дейін тасымалданып, білім беру мекемелері толық қатты отынмен қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа оқу жылына дайындау мақсатында білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 9 млн. 906 мың теңге қаржы қаралып, қажетті құрылыс заттары жеткізілген. Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал күрделі жөндеу жұмыстарына Жамбыл ауылдық округінде орналасқан С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебіне 160 млн. 464 мың теңге және Мырзакент кентінде орналасқан Абылайхан атындағы жалпы орта мектебіне 358 млн. 934 мың теңге қаржы қаралған. С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының 90 пайыз жұмысы аяқталған болса, Абылайхан атындағы жалпы орта мектебіне мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз мердігер анықталып отыр.
Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толық қамту үшін жергілікті бюджеттен 268 млн. 840 мың теңге қаржы бөлінген. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін 11 баспамен 130 091 оқулыққа келісім-шарттар түзілген және соның 52,5 пайызы тасымалданып үлгерген екен.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында 1-11-сыныптар аралығында 27374 оқушы білім алады деп жоспарланған.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.