Сәрсенбі, 23 Қазан 2019 19:39

Шымкент: «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысуға 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім тіркелді

Шымкент қаласындағы мектептердің 6-10-шы сынып оқушылары арасында республикалық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы ұйымдастырылуда. Қатысушылар 132 беттен, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды. Жиынға қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева қатысты. 

«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында қолға алынған байқау Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында өтуде. Байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу. «Қатысушылар жырды толық жаттап, көнерген сөздердің мағынасын түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ әдебиет пәнінен қойылған сұрақтарға жауап береді. Қалалық кезеңде 4 ауданнан 3 оқушыдан іріктеліп, 12 қатысушы бақ сынайды», - деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Кенжебай Нұрдәулет.

Биыл жоба республикалық ауқымда өтуде. Жеңімпаздар ақтық сында 1 миллион теңге жүлдеге ие болады. 2-орынға – 600 мың, ал 3-орынға 300 мың теңге беріледі.

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысуға Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім тіркелген. Байқау 2 кезеңнен тұрады: 1-ші кезең аудандық, 2-ші кезең қалалық кезең. Аудандық іріктеу кезеңдері 28-31 қазан күндері, қалалық кезең 6 қараша күні өтеді деп жоспарлануда.

Оқушыларға арналған жүлде қоры: аудандық кезеңде: 1-орын үшін 150 000 теңге, 2-орын 100 000 теңге, 3-орын 50 000 теңге. Қалалық кезеңде 1-орын үшін – 1 000 000 теңге, 2-орын – 600 000 теңге, 3-орын – 300 000 теңге. Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған жүлде қоры: Қалалық кезең: 1-орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, 2-орын кемі 1 200 000 теңге, 3-орын кемі 600 000 теңге. Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы байқауға қатысты өткен брифингте БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, байқау ережесі мен тәртібі жөнінде сөз қозғады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 872 рет