Жұма, 15 Қараша 2019 17:54

Түркістанда «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының облыстық слеті өтті

Бұған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы ұйытқы болды. Жиынға департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ғ.Жүндібаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев және облыстағы барлық 16 ауданнан келген 1000-ға жуық аталмыш ерікті мектеп клубтарының мүшелері қатысты. 

Шараның негізгі мақсаты — адамгершілік пен ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу. Жиын барысында сөз алған басқарма басшысы Ғ.Жүндібаев: «Елдің ертеңі болашақ ұрпағымызды бала күнінен Отансүйгіштікке, адамдарды және дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегенділік пен адалдыққа тәрбиелеу парызымыз. Бұл сезімдер біздің халқымызда ежелден бар ұлы қасиет.Сондықтан әрбір ата — ана, әрбір ұстаз балалар үшін үлгі. Сондықтан нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесуі қажет», — деді.Сондай-ақ Ғ.Жүндібаев адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отырған облыстық слетта барлық ұстаздарға оқушылардың бойына адалдық пен рухани байлықты дарытуда қосып жүрген еңбектері үшін Алғыс білдіріп, балаларға адалдық пен мейірімділік және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруда ата-аналары мен ұстаздарынан тиісті үлгі алу керектігін, сабақтарын жақсы оқуға, тәртібі жақсы озат оқушы болуға шақырды.

Ал облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев жас буынды жат қылықтан аулақ болуға, еліне, ата-анаға, досқа адал болуға үндеді. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы мүшелеріне ар-ұят, абырой, жауапкершілік, сатылмаушылық, әділеттілік, адалдық сияқты адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда жасап жатқан нақты жұмыстар туралы баяндап өтті.

Шара шеңберінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары, яғни 16 аудан оқушылары арасында шеру, флешмоб, қол өнершілер көрмесі, шахмат ойыны, сурет салу және  бейнеролик конкурсы өтіп, нәтижесімен жеңімпаздар анықталып, оларға сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды. Айта кетейік, бүгінгі күні облысымыздың жалпы білім беретін мектептерінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтаудағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруға жәрдемдесетін 903 «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубы құрылған. Онда 300 мыңнан аса клуб мүшелері бар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 846 рет