Дүйсенбі, 11 Қараша 2019 11:23

Түркістан облысы: Қазығұрт ауданында Кенен атаның ұрпағымен кездесу ұйымдастырылды

Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл. Осыған орай Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округіне қарасты Кенен Әзірбаев мектебінде «Алатаудың ақиығы» атты кездесу болып өтті. Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мен «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған кеште халқымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихы насихатталды. 

Кенен Әзірбаев 1884 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті жырлаған көптеген толғау, поэмалардың авторы. Ол – тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған әнші, эпикалық жыр-дастандарды жырлап, халықтың рухани ұйтқысы болған талант иесі.

Мектеп ұжымы ұйымдастырған шығармашылық кешке ақынның ұрпақтары мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуда оқушылар Кенен Әзірбаевтың шығармаларын оқып, өлеңдерін жатқа айтты. «Бүгінгі шара ұрпақ үшін баға жетпес құнды дүние деп есептеймін. Қазақ халқы, Тәуелсіз Қазақстанымыз тұрғанда Кенен Әзірбаевтың есімі өшпейді. Шығармалары халқына, ұлтына, егемен еліне қызмет жасай беретін болады» - дейді Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы.

Кенен Әзірбаев мектебінің директоры Нұрлан Қамбаровтың айтуынша, оқу жылы басталғалы, көптеген іс-шара ұйымдастырылыпты. Көрмелер дайындалып, оқушылар арасында Кенен атаның ән, жыр, өлеңдерінен сайыстар өткен.

Айта кетейік, Кенен Әзірбаев мектебінің жанынан 2020 жылы жаңа білім ұясының іргетасы қаланбақ. 2021 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 621 рет