Жұма, 15 Қараша 2019 16:36

Түркістанда ІТ-стартап жобаларды үйрететін орталық ашылды

Түркістанда StartUp мектебі ашылды. Орталық мамандары рухани шаһардың креативті жастарына ойлаған жобалары мен бизнес идеяларын жүзеге асырудың қыр-сырын үйренетін болады. 

Осы мақсатта «ІТ-стартап жобаларды қалай жасау керек және одан әрі не істеу қажет?» атты  тақырыпта семинар өтті.  Аталған шараны «Astana Hub» технопаркінің мамандары қолға алған. Танымдық кездесуде мобильді қосымшалардың жасалу тетіктері жан-жақты түсіндіріліп, технологиялық кәсіпкерлікті қалай жүзеге асыру жолдары айтылды.  Бизнес-идеяларды әлем нарығына қалай шығарудың тәсілдері көрсетілді. Ұйымдастырушылар осы семинар арқылы өнертапқыш жас буын арасынан ең үздік деген 30-дан астам жобаны жандандыруды көздейді. Қазірдің өзінде стартап жоба жасап жатқандардың халықаралық көрмелерге баруына көмектеспек.

«Елімізде бұл сала әлі дұрыс дамымаған. Осы себепті біз көпшілік арасында технологиялық тренд қалыптастыру жолдарын насихаттауды қолға алдық. Мұндағы мақсатымыз – осы бағдарлама арқылы көрсеткішті жақсарту. Мәселен, бір стартап жобаның пайдасын кемінде мың қолданушы көреді делік. Мұндай семинардан соң олардың саны 10 мыңға да жетуі ықтимал» - дейді «Аstana hub» ІТ-стартаптар технопаркінің менеджері Насрула Ахменов.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 585 рет