Сейсенбі, 19 Қараша 2019 11:54

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында кеңейтілген ата-аналар кеңесі өтті

Мақтаарал ауданында кеңейтілген ата-аналар кеңесі жиналысы өтті. Басқосуға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі, ата-аналар комитеті және әкелер кеңесінің төрағалары қатысты. Онда ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. 

Түркістан облыстық әдістемелік кабинетінің келісімімен өткен жиында «Бала тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ана арасындағы диалогты қалыптастыру» мәселесі қаралды. Сондай-ақ облыстық насихаттық  топ мүшелері ұрпақ тәрбиесі бойынша құрылған арнайы ұйымдардың маңыздылығына тоқталды. «Қолынан іс келетін азаматтар басқаруы керек. Олар сөзі өтетін, халықтың арасында ел сыйлайтын үлгілі отбасы азаматтарынан болуы керек, сонда ол кісінің сөзі өтетін болады қалғанға. Екінші, қамқоршылық кеңесі ұсынатын осы ата-аналар комитеті мекеме басшыларымен бірігіп, нағыз жұмыс істейтін топ болуы керек. Оны сіздер ұсынасыздар, аудандық білім бөлімі бекітіп береді» - дейді ардагер ұстаз Нышан Байғұт.

Бұдан өзге жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін барлық білім беру ұйымдарында «Әкелер мектебі» жобасын енгізу қолға алынбақ. Қоғамды әкелердің алар орны жоғары екендігіне тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін жеткізді.

«Басты мақсатымыз аудандағы ата-аналар жиналысын өткізіп, оның ішінде үштік ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес және әкелер мектебін түсіндіріп айту және сол аудандығы мектептердегі құқық бұзушылық тоқталу» - дейді Түркістан облысының ата-аналар комитетінің төрағасы Әнуарбек Бейсе.

Айта кетейік, бүгінде аудандағы 56 білім ұясында әкелер мектебі құрылған. Басты мақсат – жасөспірімдер тәрбиесін түзеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 649 рет