Сейсенбі, 03 Желтоқсан 2019 20:19

Түркістан: Ордабасы ауданында жаңа балабақша ашылды

Ордабасы ауданында бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі артты. Бұған «Балапан» бағдарламасы сеп болып отыр. Түңғыш Президент күні мен ауданның 55 жылдығына орай Мақташы ауылында жаңа балабақша пайдалануға берілді.Мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында бой түзген ғимарат 200 орынға лайықталған.

Мақташыдағы ағайынның қуанышында шек жоқ. Бұрын балаларын өзге ауылдарда орналасқан балабақшаларға алып барып жүрген  ата-аналар енді бүлдіршіндерін өз ауылында орналасқан бөбекжайға беретін болды. Мектепке дейінгі мекеменің тапшылығы  осы уақытқа дейін сезіліп келген. Енді бұл мәселе мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында шешімін тауып отыр. «Баршаңызды тұңғыш президент күнімен құттықтаймын. Осы айтулы күннің қарсаңында заман талаптарына сай жаңа нысан ашылып отыр. Мұның барлығы еліміздегі оң саясаттың арқасында жүзеге асып жатқан жобалар» - деді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұлов.

Балабақша 200 балаға арналған. Жас деңгейіне қарай балғындар  8 топқа бөлініп оқытылады. Ойын алаңшалары, жатын бөлме, акт залы барлығы заман талабына сай. Оған қоса көрші ауылдың балалары арнайы көлікпен тасымалданады. Сонымен қатар мекемедегі мектепке дейінгі дайындық тобы балғындарға әріп танытады. Тұңғыш Президент күні мен ауданның 55 жылдығы қарсаңында бой түзген  жаңа нысанның ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Ауыл тұрғындары ән тыңдап, би тамашалап бір марқайып қалды.   Қариялары игі жобаны жүзеге асырғандарға ақ батасын берді. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 692 рет