Сәрсенбі, 20 Қараша 2019 17:33

Түркістан облысы: Түлкібас ауданында бала тәрбиесіне байланысты жиын өтті

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Демек, рухани жаңғырудың алғашқы қадамы ата-бабадан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды өркениетті қоғамға сай жаңартып, жастардың бойына имандылық пен адамгершілікті дарытудан басталмақ. Міне, сондықтан да бала тәрбиесіне бейжай қарамайтын жандар М.В.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясында «Кеңейтілген ата-аналар кеңесі» жиынын өткізді. 

Жиынға Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Түркістан облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Әнуарбек Бейсе, облыстық білім саласының қызметкерлерінің кәсіподағы және ардагерлер кеңесінің төрағасы Нышан Байғұт, Сайрам ауданы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Әкелер мектебі» жобасының авторы Амангелді Қабылбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Изтайұлы шақыртылды. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитетінің төрағалары, қамқоршылық кеңесінің және «Әкелер» мектебінің басшылары қатысты. Жиын барысында келген қонақтар ұрпағымыздың жалғасы – балаларды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда екенін атап өтті. Жиналыстың соңында келген келген қонақтарға Түлкібас ауданынан естелік ретінде кітаптар сыйлыққа берілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 636 рет