Жұма, 06 Желтоқсан 2019 23:22

Түркістан: Созақтағы 100 жылдық тарихы бар мектепте дарынды балалар өте көп

Созақ ауданындағы Әлішер Науаи атын иеленген жалпы орта мектептің тарихы өткен ғасырдың 20- жылдарынан бастау алады. Бүгінде ескі ғимарат жойылып, оның орнына заманауи үлгідегі мектеп салынған. Қазір мұнда мыңға жуық бала оқиды. Бір ерекшелігі- бұл мектепте дарынды балалар өте көп. Олар қашанда мектеп мақтаныштары.

Бүгінде Созақ ауданының  білім саласына қатысты нысандарда бір де бір ескі ғимарат жоқ. Сонымен қатар олардың бәрі де жаңа бағытта жұмыс атқарады.  Мәселен,  Әлішер Науаи атындағы  мектептің  де өз ерекшелігі бар. Өйткені, мұнда өнерлі де, дарынды да  балалар өте көп.  Солардыңбірі өнертапқыш оқушы  - Хансұлтан Айтметов.    Оның     тұқым себуге арнап жасаған  құрылғысы  республикалық байқауда үшінші орын алып,  талайды тамсантқан. Мұнда дарынды балалардың көп деуіміздің тағы бір себебі, жуырда ғана облыстық «Оңтүстік Қазақстан»газетінің «Жақсылар дастан айтайын» атты дәстүрлі жыр байқауында екінші орын алған  Рәбия Шалтай  да осы мектеп оқушысы.  Ол ұстазы Жазира Сәнкібаеваның жетекшілігімен жырдың «Марабай жырау»  нұсқасын толық жаттап, байқаудың екінші жүлдесін иеленген.

«Мен өткен жылы да»Алпамыс» батыр жыры бойынша қатысып, үшінші орын алғанмын... біздің мектепте  барлық сабақты оқытып- үйрету оның ішінде әдебиет пәнін оқыту да өте жақсы жолға қойылған.. менің осындай нәтижеге жетуім соның арқасы» - дейді осы мектептің оқушысы Рәбия Шалтай. Ал, ұстаз Жазира Сәнкібаева: «Батырлар жырын жаттау да балалардың бойын ұлттық құндылықтар мен отаншылық сезімді құяры анық. Бұл өте қолдауға тұратын іс. 132 беттен тұратын нұсқаны жаттау оңай емес. Әйтсе де оны зердесі мықты халықтың ұрпағы жаттай алады» - дейді. Сондай –ақ, бұл мектеп аралас білім ұясы болғандықтан  балалар да өнерге тым жақын. Мұндағы талай балғындар   көптеген  өнер байқауларынан топ жарған.

AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 2485 рет