Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2019 08:59

Шымкентте «ХХІ ғасырдағы отбасы институты» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті

Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы отбасы институты» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізілді. «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының мақсаты – отбасы институтын қалыптастыру,  отбасылық құндылықтарды насихаттау бағыттары аясындағы жұмыстарды жүзеге асыру. 

Іс-шара барысында арнайы жасақталған мақсатты топ өкілдері ХХІ ғасырдағы отбасы моделін қалыптастыру, отбасындағы бала тәрбиесі, отбасындағы ана мен әкенің рөлін нығайту, қоғамдағы отбасылық-тұрмыстық бағытындағы өзекті мәселелерді  талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев басқарма тарапынан «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан»  жобасының аясында қалада отбасылық-тұрмыстық салада көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, негізігі жобалардың қатарында  қиын жағдайға ұшыраған, қолайсыз және әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылармен әңгімелесу, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында қаламыздағы төрт ауданда арнайы «Аутрич бөлімі» құрылғанын,  бұл бөлім қызметкерлері аудан аумақтарындағы  шағынаудандардың белсенді тұрғындарымен, оның ішінде учаскелік полиция қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, үй басқарушылар мен көше басқарушылар, төбе билермен тығыз жұмыс істеп, сол аумақтың әлеуметтік картасын әзірлеп, өзекті мәселелерін анықтауда, бүгінге дейін аутрич бөлімі шағынаудандар бойынша толық зерделеп, келеңсіз жағдайлардың алдын алуда  жедел жұмыстар жүргізіп жатқанынан хабардар етті.

Сонымен қатар қаладағы балалар үйлерін отбасылық үлгіде трансформациялау жоспарлануда. Басты мақсат – әр баланың отбасында өсуін қалыптастыру,  аталған бағытта тиісті құжаттар әзірленуде.

Қаладағы «Самғау сенім» орталығы бүгінге дейін 150-ге жуық  отбасылық зорлық-зомбылықтың жәбірленушісіне қажеттіліктеріне орай тиісті қызмет түрлерін ұсынған. Сондай-ақ медико-психологиялық  орталық ағымдағы жылы 350-ге жуық азаматқа қызмет көрсетті.

Жалпы, отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын дамыту мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан»  жобасының аясында отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы тарапынан ажырасу көрсеткіштерін төмендету мақсатында қаланың Абай аудандық сотында пилоттық негізде құрылған «Отбасы кеңесі» жұмыс тобының жүргізген жұмыстарының нәтижесі баяндалды.

Е.Отарбаев, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы. «Отбасы кеңесі» жұмыс тобының жетекшісі:

- Аталған жұмыс тобы бүгінге дейін 30-ға жуық отырыс өткізді. Отырыстарда жалпы 250 іс қаралған. Оның ішінде 80 іс медиация әдісі бойынша шешімін тапса, 28 азамат өзінің ажырасу бойынша ұсынған талап-арыздарын кері қайтарды. Бұл өз кезегінде жалпы жұмыс тобы жұмысының тиімділігін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта жұмыс  тобының  тәжірибесін  қаладағы  өзге де соттарда жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жақында өзім қалалық  отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының  қолдауымен республикалық «Әкелер форумына» қатысып қайттым. Форумнан алған әсеріммен көпбалалы әке ретінде қалада «Әкелер кеңесін» құруға себепкер болдым. Бүгінде кеңес өз жұмысын №38 мектепте бастады және қаланың барлық мектептеріне аталған кеңес жұмысын жүргізу бойынша эстафеталық жолдама жолданды.

Ж.Жазықбаева, «Балаларды (ЖИТС)СПИД-тен қорғау» қоғамдық қоры президенті:

- Отбасының құндылықтарын дәріптеу бұл біздің басты мақсатымыз. Осы орайда, біздің ұйым қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармамен бірлесіп, тиісті жұмыстарды жүргізіп келеді. Себебі отбасындағы  баланың құқығын қорғау, отбасын құруды жоспарлау бағытындағы жұмыстарды жүзеге асырып отырғандықтан, біздің негізгі мүддеміз бір деп ойлаймын. Біздің ұйым бүгінде «Өнеге» пилоттық жобасын бастап, нәтижелі жұмыстар жүргізді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1358 рет