Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2019 14:24

Түркістан облысы: Шолаққорғанда орта мектептің қосымша жайы пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік меркесі қарсаңында аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің қосымша жайы пайдалануға берілді. Зәулім ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімі Салыхан Полатов құттықтау сөз сөйледі.

«Осы жылдың басында басталған 300 орындық Асқар Сүлейменов атындағы білім ошағының қосымша жай құрылысын, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аяқтап, өздеріңіз куә болып отырғандай ел игілігіне беріп отырмыз. Бұл сөзсіз Тәуелсіздіктің арқасы. Білім ордасында оқушылар заманға сай білім алып, үлгілі азаматтар болады деп сенеміз»,- деді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов өз ризашылығын білдірді. Жаңадан бой көтерген мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық бөлмелер соңғы үлгідегі технологиялармен және компьютерлермен жабдықталған.

Айта кету керек 2011 жылы бұл мектепке уран өндіретін «Катко» кәсіпорны жаңа ғимарат салып берген болатын. Оқушы санының көбейуіне байланысты жаңа қосымша жай қажеттілігі туындап, ол ғимарат аудандық бюджеттен соғылып отыр. Мұнан бөлек, ауданда Қаратау ауылдық округі, Ақсүмбе елді мекеніндегі С.Қожанов атындағы 100 орындық мектеп құрылысы, Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебіне 300 орындық жай құрылыстары жүргізілуде. Олар келер жылы пайдалануға беріледі.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1217 рет