Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2019 19:40

Түркістан облысы: тарихы терең білім ордасының ұжымы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

Сарыағаш қаласындағы Қабланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжіне биыл 90 жыл. Тарихы терең білім ордасының ұжымы мерейлі мерекелерін атап өтті. Айтулы шараға зиялы қауым мен аудан атқамінерлері қатысып, оқу ордасының адами әлеуетті дамытудағы ісіне жоғары баға берді.

Қабланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің тарихы әріден басталады. Саялы Сарыағаш қаласында орналасқан қара шаңырақтың іргесі  1929 жылдың 27-қарашасында қаланған. Алғашқыда «Қапланбек зоомалдәрігерлік техникумы» болып құрылған оқу ұясынан ғасырға жуық мерзімде сан мыңдаған түлек түлеп ұшты. Солардың бірі, «Қазақ вальсінің падишахы» атанған Шәмші Қалдаяқов. Одан бөлек социалисттік еңбек ері Әбдір Сағынтаев, Көштен Бөрғазиев, Шаблан Ділдәбеков, Әбдіхан Асаубаев сынды біртуар азаматтар да осында білім алған. Шараға келген қонақтар әуелі білім ордасының оқу базасын аралап, заманауи білім беру жүйесіне қанықты.

Мерекелік жиында мекеме мамандарының мерейі тасыды.  Колледж ұжымының студенттерге тәлім беру жүйесіндегі оңды жұмыстары айтылды. Сондай-ақ, ұстаздарға еселі еңбектің өтеуі үшін алғыс хаттар тапсырылып, сый-құрмет жасалды.Қазір білім ордасында мыңнан астам шәкірт бар. Оқу ордасынан бүгінге дейін 50 мыңға жуық азамат оқып шығып, мамандық иесі атанды. Колледжде ветеринария және егіншілік саласын оңтайландыру мақсатында түрлі ізденістер мен  зерттеулер жасалып жатыр. «Бұл жұмыстардың нәтижесін көретін күн де алыс емес», дейді бала оқытудан бақыт тапқандар. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1385 рет