Жексенбі, 19 Сәуір 2020 16:02

Сайрам ауданында 2 жаңа мектеп, 5 қосымша оқу ғимараты пайдалануға беріледі

Сайрам ауданының әкімі Уласбек Садибеков Ақсукент ауыл округіндегі М.Горький, №97 Сұраншы батыр және №61 Титов атындағы мектептерін аралап, қосымша оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысып қайтты.

Қазіргі таңда Сайрам ауданының Көлкент және Қарабұлақ ауылдық округтерінде 600 орындық жаңа 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал М.Горький ат.ЖОМ, №97 ЖОМ, С.Базарбаев ат. НОМ, №96 жалпы орта мектептерінде қосымша 300 орындық жаңа оқу ғимаратының құрылысы жүргізілуде,-деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан басшысы құрылысты белгіленген мерзімінен кешіктірмей әрі сапалы жүргізу қажеттігін салмақтап айтты.
Аталған мектептердің барлығы 2020 жылы құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ, Қарасу ауылындағы №14 М.Сапарбаев атындағы мектепте қосымша 200 орындық оқу корпусының, асхана, спортзал, актзал және шеберхананың құрылысы жүріп жатыр. Бұл мектеп 2021 жылы іске қосылмақ .

Бұдан бөлек, ауданда 2 ауысымда білім беретін апатты жағдайдағы 1 мектеп бар.

Еске сала кетейік, ауданда 74 мемлекеттік, 1 жекеменшік, жалпы 75 мектеп бар. Оның 63-і типтік, 12-сі ыңғайластырылған. Осы 75 мектептің 8-і 1 ауысымда, 67-сі екі ауысымда жұмыс істейді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 763 рет