Сейсенбі, 21 Сәуір 2020 15:02

Шымкенттік оқушылар онлайн оқуда елімізде алғашқы қатарда тұр

Шымкенттегі 213 білім беру ұйымы (мектептер, колледждер, ЖОО) толығымен қашықтан оқыту форматына көшті. Қаладағы 172 мектепте оқитын 222 мыңнан астам оқушылар толығымен қашықтан білім беру жүйесімен қамтылған. 

Оның ішінде инклюзивті білім берілетін оқушылар саны 836. «WhatsApp» мессенджері арқылы оңалту сабақтары 1143 оқушыға жүргізілуде, ол 86,5%-ды құрайды. 125 оқушы денсаулығына байланысты ата-аналарының өтініштері негізінде сабақтан босатылған.Мәселен, оқушылардың 96,7 пайызы электронды құрылғылармен (компьютер, ноутбук, планшет, смартфон) электронды құрылғымен қамтылған болса, қалған 3,3 пайызының яғни, 7424 оқушының телеарна арқылы білім алуға мүмкіндігі бар. Айта кетейік, компьютерді қажет ететін оқушыларға мектептердегі 10192 компьютер уақытша берілген.

Мектептердегі 17253 мұғалім электронды құрылғылар мен интернет желісімен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап барлық мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматында білім алуда.

Шымкент қаласының оқушылары «Bilimland.kz», «Дарын онлайн» сынды интернет платформаларда білім алу бойынша республикада І орында болса, ұстаздары ІІ орында. Сонымен қатар балалар «Zoom», «Google class», «Edu page» бағдарламалары арқылы да сабақтарын оқып-үйренуде. Қалалық білім басқармасы жанынан құрылған «Call орталыққа» бүгінге дейін түскен 422 сұрақтың басым бөлігі қашықтан білім алуға қатысты болғандықтан, мамандар сауалдарды талдап, жұмыс сапасын жақсарту мақсатында тиісті шараларды атқаруда.

«Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қашықтықтан оқып жатыр. Білім басқармасы тарапынан жұмыс сапасын жақсарту мақсатында тиісті шаралар өз жалғасын табуда», - деп хабарлады қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 585 рет