Жұма, 01 Мамыр 2020 17:19

Шымкентте 200 отбасының балаларына планшет тарту етілді

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап Шымкент қалалық білім басқармасы қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті. Білім беру, әдістемелік семинар кеңестер, тіпті білім басшысын тағайындаудың өзі электронды форматта қашықтан өтуде. Бұл жайында қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева баспасөз мәслихатында мәлімдеген еді.

Бүгінгі таңда қаладағы білім беру ұйымдарының басшыларымен апта сайын қашықтан оқыту жұмыстары ұйымдастырылып, кері байланыс сатысында жиналыс өткізілуде. Бейне-байланыста білім саласындағы өзекті мәселелер көтеріліп, шешу жайы талқыланады. Қазіргі кезде басты талап - төтенше жағдайға қарамастан оқушыларға сапалы білім беру. Осы бағытта "Кусто Хелп" қайырымдылық акциясы аясында 200 отбасына планшет таратылды. «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан шифер зауыты халықаралық компаниямен бірлесіп, жақсы істің бастамашысы болды.

Ұйымдастырушылар төтенше жағдайдың салдарынан қашықтан білім алып жатқан оқушыларға смартфонның көмегі ауадай қажет екенін ұғып, осындай ұйғарым жасаған. Әлеуеті әлжуаз жанұяның балаларына көмек қорына 8,5 миллион теңге жиналған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 533 рет