Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде 11-сыныптың 4-тоқсанында өткен бағдарлама сауалдары болмайды. Өйткені оқушылар биыл карантин мен төтенше жағдайға байланысты соңғы тоқсанды қашықтан оқыды. Сондықтан осындай жеңілдік жасалып отыр. Алайда тест тапсырудағы талап қатал. Егер оқушы білім сынағы кезінде ұялы телефон немесе түрлі көмекші құралдар пайдаланғаны дәлелденсе, жинаған ұпайы желге ұшады.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева «Тестілеу маусымның 20-сымен 5-шілде аралығында Шымкенттегі 4 пунктте өтеді. Білім сынағы дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Бірақ санитарлық режим қатаң сақталуы тиіс» - деп отыр.
Түлектер бір-бірінен алшақ отыруы үшін бір мезетте аудиторияда болатын оқушылардың саны шектеледі. Ал екі тоқсанды қашықтан оқыған оқушылар аттестат алу үшін мектепке баратын болды. Соңғы қоңырау 3-4 маусым күндері мектеп алулаларында, ашық аспан астында өтеді. Инфекцияның таралу қаупін азайту үшін қатысушылар снаы да шектеледі. Мұндай шараларға рұқсат беру эпидемиологиялық жағдайдың біршама жақсаруы нәтижесінде мүмкін болып отыр.
«Иә, ас та төк дастарқан, қызылды-жасылды киім-кешек, кортедж жасап, қыдыру секілді басы артық шығынға биыл жол жоқ. Түлектерге білімін растайтын аттестат соңғы қоңырауда табыс етіледі. Ал оған түлектер тек мектеп формасымен келулері тиіс. Тәртіпке бас имегендерге қатаң шара көріледі» - деді Жанат Тәжиева.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.