Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ауқымды жобалардың бірі - «Берік отбасы» жобасы.Аталмыш жоба Түркістандағы NIS-те де бастау алды. 35-тен астам елде өз тиімділігін дәлелдеген «Берік отбасы» халықаралық жобасы 2018 жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылуда.
Жоба мақсаты – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтарға – отбасы құндылығын сақтауға, ата-аналарға/қамқоршыларға балаларына қолдау көрсете білуді, күн тәртібін бұзбай, бала тәрбиесімен айналысуға икемдеуді, сонымен қатар балалардың болашаққа деген сенімін арттырып, олардың ата-анасымен жақсы қарым-қатынас орнатуына жол ашу, жасөспірімдерді күйзеліспен күресуге және құрдастары тарапынан болатын қысымды жеңіп шығуға тәрбиелейді.
Бағдарламаның негізгі басты кейіпкерлері Зияткерлік мектептің жаңа мүшелері 7-сынып оқушылары және олардың ата-аналары. Жеті бөлімнен тұратын жобаның алғашқы бөлімі «Махаббат пен шектеу» тақырыбында жүргізілді.
Бірінші бөлімнің алғашқы сағатында ата-аналар мен оқушылар бөлек кабинеттерде орналасып тренер фасилитаторлармен бірге бағдарламаның мазмұнымен танысып, тапсырмалар орындады. Ата-аналармен жұмыс жасауда тренер ретінде мектеп психологы Жанна Арынбаева Маратқызы мен фасилитатор ретінде педагог-куратор Жанар Алтыбаева Аманқызы жобаның мазмұны және әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Ал оқушыларға тренер болған педагог-куратор Іңкәр Болатқызы мен фасилитатор Алима Үсенқызы бағдарламаның алғашқы бөліміндегі негізгі тақырыптар жайлы жалпылама сипаттама беріп, пікірталастар өткізіп, сергітетін ойындар ойнатып, арнайы жаттығуларды орындатты.
Бірінші сессияда бағдарлама туралы ақпараттармен көрнекі роликтер және өмірден алынған түрлі жағдаяттар жиналған арнайы бейнематериалдар ата-аналар назарына ұсынылды.
Видеороликтерде бейнелеген түрлі жағдаяттарды ата-аналар өз бастарынан кешкен оқиғалармен байланыстырып, қатал және қатал емес ата-ана болуда махаббат пен шектеу қоя білуде, мәселені шешу жолында өз пікірлерін ортаға салды.
Ал екінші сессияда отбасылық басқосу болып, ата-аналар тренингтен алған әсерлерін айтып, бірінші бөлімнен-ақ балалармен диалог құруға және олардың тілектері мен қажеттіліктері туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік алғанын айтады.