Залға жиналған қонақтар мен аудан мұғалімдері алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында есепті баяндама жасады. Былтырғы оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтіп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталған Ақшагүл Махамбетәліқызы білім саласындағы игі жаңалықтарды атап өтті.
–Биыл жаңартылған білім беру мазмұны бойынша аудан мектептерінде сабақ беретін 1283 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көтерілді және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы қосу қарастырылды, - деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Есепті хабарламада биыл ауданның білім беру саласына 7 512.2 млн теңге қаржы қаралып отырғаны айтылды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 606,5 млн теңгеге артық, яғни, білім саласына үкіметіміз айрықша қамқорлық жасап отырғанының айқын дәлелі. Қазіргі таңда қаладағы №147 Бекет елді мекенінде ыңғайластрылған ғимиаратта орналасқан А.Иманов атындағы жалпы орта мектебіне қосымша 300 орындық оқу ғимаратын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл осылайша қаладағы Мұнай базасы елді елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин бастауыш мектебінің орнына 60 орындық жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталды. Өткен оқу жылының ҰБТ қорытындысы бойынша да орта балл 80,31 балды құрап, бұрынғы оқу жылымен салыстырғанда 7,91 балға артып отыр. Соның нәтижесінде аудан рейтингі 12 орыннан 8 орынға жылжыған. Жүйелі жұмыстардың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырғаны үшін аудан педагогтарына алғыс айтқан Ақшагүл Бердалиева ұстаздарды жаңа оқу жылында жаңаша қарқынмен жұмыс істеуге шақырды.
Мұнан кейін Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Сырлыбек Шынтаев, «Ұзын ата» жалпы орта мектебі директорының оқу ісінің орынбасары Жұмагүл Нұрбекова, А.Әлімбетов атындағы жалпы орта мектебінің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жұмагүл Бекайдарова, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Шорабекова жарыссөзге шығып, сөз сөйледі.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова жиналған көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, баяндама келтірілген фактілер бойынша өз ой-пікірін білдірді.
Тамыз кеңесінде аудан әкімі Болатбек Қыстауов сөз сөйлеп, ұстаздар жетістігіне лайықты баға берді. Дегенмен де аудан басшысы мұғалімдер қауымына бала тәрбиелеу жұмысын жандандыруды, психолог мамандардың әрбір оқушымен тыңғылықты жұмыс жасауын ескертіп өтті.
Салтанатты жиын мұғалімдердің түрлі деңгейдегі марапаттау рәсімдеріне ұласты. Ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмей, шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп жүрген бір топ педагогтерге аудан әкімі Болатбек Қыстауов пен аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев «Алғыс хаттар» табыс етті. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Мәдіханқызы аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиеваға «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» медалін салтанатты жағдайда тапсырды. «Жаушықұм» мектеп-лицейінің директоры Роза Жүнісқұлова облыстық білім басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.