Сенбі, 22 Қыркүйек 2018 17:14

Түркістан облысы: Созақта «Жақсыдан қалған зерлі сөз» атты кеш өтті

Созақ ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында аудандық орталық кітапханада ақын Баймұрат Тағыбаевтың жыр жинағының тұсаукесеріне арналған «Жақсыдан қалған зерлі сөз» атты кеші өтті.

Созақ елінде есейіп, еңбек еткен саналы ғұмырында елге қызметі адал, елеулі еңбегімен, ізгілікті ісімен абыройға бөленген Баймұрат Тағыбаев 1959-1997 жылдар аралығында мал шаруашылығында, жол мекемесінде, Шолаққорған ауылында түрлі қызметтерде еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан. 1965 жылдан өлең жаза бастапты.. Ақынмын деп өленің алып зыр жүгірмеген, мұнда да парасатты, салмақты мінезін танытып, кейде газет беттерінде жарқ ете қалатын, әрегідік әдеби жиындарда өленің оқитын ақынның қойын дәптердегі жыр – мұрасы кітап болып, кітап болғанда, көңіл толып, көз қуанарлықтай қомақты дүниеге айналып, оқырманға жол тартты.

«Аманат» атты жыр жинағының тұсаукесеріне зиялы қауым, БАҚ өкілдері, ардагерлер, облыстың түкпір - түкпірінен жыр сүйер оқырман жиналды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Е.Жақсымбетов, ардагер аға А.Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Еспенбетов кітап тұсауын шешіп, ізгі тілектерін білдірсе, бір топ жастар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жаңа кітапқа жырдан, әннен шашу шашылды. Ақынды еске алу, өлең - жырларын оқу жалғасып, кеш шырайын аша түсті. Ақынның «Аманаты» осылай оқырманға жол тартты.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 1372 рет