Дүйсенбі, 08 Қазан 2018 21:21

Түркістан облысы: Мақтааралда қарияларға құрмет көрсетілді

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында қарттар мен ардагерлерге үлкен мән беріліп, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына өз үлесін қосқан ардақты да аяулы осы қарттарымыз екені мәлім. Осыны ескерген аудан әкімі Бақыт Асанов 1 қазанҚарттар күніне орай ардагер қариялардың шаңырақтарына тосыннан кіріп барып, мерекелерімен құттықтап қайтты

«Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрбіріңіз киелі Мақтаарал ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еткен еңбектеріңіз жас ұрпақтың бақытты да баянды, шалқып ғұмыр кешуіне септігін тигізді. Талай жастарды тәрбиелеп, өздеріңіздің ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Міне, бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетуіден танбай келесіздер. Қарттары бар ел - бақытты ел. Сондықтан, ел басына күн туған заманда, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор, ұрпағына адал болған қарттарымыз қашанда аман болсын!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.

Қарттардың мерекесіне арналған аудан әкімінің іс-шарасы мұнымен біткен жоқ. Аудан орталығы Мырзакент кентіндегі «Ай-ару» мейрамханасында 100-ге жуық қарияға аудан әкімінің дастарқаны жайылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарапынан концерт қойылды. Жиында ауданның қоғамдық-саяси дамуына өз үлесін қосып, елдің бірлігі мен тұрақтылығын насихаттап жүрген бірнеше белсенді қарттар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпатына кенелді.

Жалпы, мереке аясында аудан әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімдері, кент және ауылдық округ әкімдіктері тарапынан қарттарға арналған көптеген мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттер тарапынан түрлі көмектер көрсетілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1086 рет