Дүйсенбі, 08 Қазан 2018 21:52

Түркістан облысы: Шардарада қарттар күні жоғары деңгейде атап өтілді

1 қазан – қарттар күні мерекесін шардаралықтар жоғары дәрежеде тойлай білді. Аудандық «Абай» Мәдениет сарайында «Қариялар – асыл қазынамыз» тақырыбында өткізілген мерекелік іс-шараға қала мен ауылдық округтерде ғұмыр кешетін тыл және еңбек ардагерлері, зейнеткер ата-әжелер жиналды. Салтанатты шараға келген тұрғындар ең алдымен аудандағы қариялардың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрмелермен танысты. 

Залға жиналған ардагерлер қауымы алдында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі. 

Қымбатты ардагерлер! Сіздерді 1 қазанқарттар күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқыежелден қариясын қазына деп бағалаған киелі ел. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың санасына терең сіңген қасиет. Халқымызда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген нақыл бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстанда ардагерлерге қамқорлық жасауда ауқымды шаралар іске асырылуда. Елбасымыз «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз» деп әрдайым аға ұрпаққа ілтипатын білдіріп келеді. Жыл сайын зейнетақының өсуі, ардагерлерге жасалып жатқан жеңілдіктер қарттарымызды қолдау деңгейінің жоғары екенін көрсетеді, - деді Бауыржан Қуанышбайұлы.

Мұнан кейін ауданның өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен бір топ ардагерлерге аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың атынан «Алғыс хаттар», гүл шоқтары тарту етілді. Сондай-ақ мерекенің мерейін асырған тағы шара – отау құрғандарына 60 жыл толып, немере мен шөбере сүйіп отырған Әлмеш ақсақал мен Ұлдаш апа Салмановтарға, тыл ардагері Сарымсақ ақсақал мен Мәрия апа Омаровтарға сахна үстінде аудан әкімінің атынан оқалы шапан мен қамзолдар жабылып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ардагерлерге деген ақ тілекті аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков айтып өтіп, бірнеше қарияны марапаттады.

Шардаралық ардагерлердің тойына әйгілі айтыс ақыны, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Леубаева қатысып, жырдан шашу шашты. Шардара ауданы құрылған сәттен бастап аймақтың көркейіп-гүлденуіне белсене атсалысқан Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаға, «Даңқ» ордендерінің толық иегері Перуза Өтемісоваға, аудандағы барлық құрылыс нысандарында жарқын қолтаңбасын қалдырған Тәңірберді Ағманұлына, су электр стансасын 30 жыл бойы жемісті басқарған Ыбырай Саховқа, астық қабылдау мекемесіне ұзақ жылдар бойы басшылық жасаған Бегман Біләловке, «Әжелер алқасының» төрайымы, ардагер ұстаз Жамал Төлешоваға, өңірдің демографиялық өсіміне айрықша үлес қосқан 14 баланың анасы, ақшеңгелділік Жүрсін Сүлейменоваға, 11 баланың анасы, қала тұрғыны Ақмарал Мүтәлиеваға, қарт жырау Тәшман Шекеровке, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековке және басқа да ардагерлерге Ақмарал ақын әзіл шумақтарын арнап, көңілдерін бір серпілтіп тастады.

Мерекелік концертте Ерғазы Ибрагимов, Ержан Қабылбеков, Пернехан Сейітжаппаров, Қанат Дауылбаев сынды жыршы-термешілер мен Эльмира Шонаева, Бақберген Омаров, Ержан Оразов, Серік Тасқұлов сынды әншілер өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етсе, аудандық Мәдениет сарайының өнерпаздары орындаған әсем әуенге ардагер ағалар мен апалар вальс биледі.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1520 рет