Атап айтсақ, 2023 жылдың 6-10 ақпан күндері аралығында қолөнер саласына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бірлестік мүшелерінен құралған қолөнер шеберлерінің деллегациясы Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласы мен Ферғана облысында болды. Жұмыс сапары барысында өзбек ұлтының қолөнерімен танысып, тәжірибие алмасты.
Қала қолөнершілері халықаралық ТЮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен жылдың 4-13 мамыр күндері аралығында Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында өткен «Түркі әлемінің мәдени астанасы – Шуша 2023» ресми ашылу салтанатына және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысты. Бұл іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де болды. Ауқымды іс-шарада көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Қазақстандық делегация жоғары баға алып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленді.
Былтыр сонымен бірге Отырар ауданында «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» тақырыбындағы Халықаралық қолөнер шеберлері жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Салтанатты шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің Төрағасы Күміс Сейітова, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының өкілі Талғат Мұханов және Отырар ауданының сол кездегі әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып берген-ді. Сондай-ақ, ұйымдастырушыларға ыстық ықыласын білдіре отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Туыстас халықтар арасын жақындата түсетін, ынтымағын нығайтатын, дәстүрлі өнерін ұштастыратын халықаралық жәрмеңкенің қадірлі қонақтары Қылует музейінің директоры, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі Кендебай Қарабдалов пен Тынық мұхиты Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, «Біздің мұра» қоғамдық қорының Президенті, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова құттықтау сөз сөйледі.
Халықаралық жәрмеңкеде Тынық мұхиты Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, «Біздің мұра» қоғамдық қорының Президенті, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің Төрағасы Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, музей ісінің ардагері Рыскүл Бекталиева, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының өкілі Талғат Мұханов, Тұран-қазақ суретшілер консолидациясының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі суретші Мәлік Әділхан төрелік етті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының қолдауымен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан шарада Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан мемлекеттері мен еліміздің барлық аймағынан жиналған 50-ден астам тоқыма және зергерлік өнердің хас шеберінің қолөнер бұйымдары қойылған. Қолөнер шеберлерінің озық үлгідегі туындылары әділ қазылардың шешімімен сараланып, үздік деп танылғандарына арнайы тағайындалған жүлделер табысталды. Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Қазақ қолөнерінің өзіндік көпғасырлық шежіресі бар. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ата-бабаларымыздың ертеден қастерлеп бағалай білген дүниесі. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырған. Осы өнерді кәсіп еткен шеберлер Отырар өңірінде де аз болмаған. Олар Тегіс ұста, Тегісұлы Арын, Сыздық Ұста, Сыздықұлы Надайымбек, Қалдаяқ ұста т.б. Бүгінде олардың қолынан шыққан бұйымдары көне жәдігер болып музейде сақталса, есімдері тарих беттерінде жазулы.
Көптеген тарихи деректер мен соңғы кездегі археологиялық қазбалар отырықшылық пен жер өңдеудің нəтижесінде, көне замандарда қала салу мəдениетінің едəуір дамығандығын дəлелдеп отыр. Далалық өркениеттің бесігі болған Қазақстан қалалары əсіресе Х–ХІІ ғасырларда гүлденіп, мəдениет, ғылым мен өнер шыңына жетіп қолөнер, сауда мен ауыл шаруашылығының шоғырланған орны болды. Бұған Ұлы Жібек жолы басты рөл атқарды.
Халықтың өмір сүретін аймақтарына байланысты ою-өрнек үлгілері дамып отырған, мысалы, отырықшы өркениеттің өнері өсімдік өрнектері болса, көшпелілер мəдениетінде, ыдыстарда айбарлы жолбарыс, тау теке, барыс, қабан, арқар, құлан, кер марал секілді жануарлар суреті салынды. Бұйымдардағы ою-өрнектер қоғамның дамуы жайында құнды мəліметтер береді. Мысалы, көркем өнердің көрсеткіші қыш бұйымдардағы жазулар халықтың жаза білгендігін көрсетсе, Отырар, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Көкмардан т.б. қалалар мен қалашықтарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттардағы ою-өрнектер Отырар өңірінің заттық жəне рухани мəдениетінен мол мағлұмат бере алады.
Қазақ халқының өткен тарихын тарихи-мəдени құндылықтарымыздың киелі мекені — музей арқылы жас ұрпаққа танытудың маңызы зор. Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі рухани өміріміздің өркенді өнегесіндей болып өзгелердің назарына ілігіп келеді, оның қорында бүгінгі таңда 22000-нан астам жəдігер сақталуда, бұлар асылдың сынығындай тұлпардың тұяғындай қастерлі дүниелер. Басым бөлігі ежелгі қолөнердің биік туындылары болып саналатын археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған саздан, тастан, сүйектен, шыныдан, металдан жасалған заттар мен этнографиялық мұраларға жататын үй бұйымдары, шаруашылық құрал-саймандары мен аспаптар, киім-кешек т.б. заттар. Көріп көңіл толтырар мұралар бір күннің, бір жылдың емес, ғасырлар бойғы халық мəдениетінің өнерінің көрінісі. Мұнда əр ұрпақтың үлесі бар.
Аталған заттардағы ою-өрнектерге қарап ата-бабаларымыз табиғатта болып жатқан сұлулықты ою-өрнекке түсіріп, сол ою-өрнек арқылы əсемдікті насихаттағаны белгілі екенін түсінеміз. Ою-өрнектердің негізгі бөлігін космогониялық, зооморфтық, өсімдік тектес, геометриялық деп бөлуге болады. Зооморфтық бейнелер ежелден көшпелі өркениет мəдениетінде əлемнің үлгісін көрсету құралы ретінде қызмет еткен. Қазақ халқының тұрмысында көп қолданылатын оюдың атасы қошқар мүйіз өрнегі, оның қолданылмайтын жері жоқ. Қошқар мүйіз өрнегі — байлық пен молшылықтың нышаны. Мүйіз элементтерімен бедерлеу көнеден келе жатқан дəстүр, археологиялық, этнографиялық деректер мен музей коллекцияларына сүйенсек, қошқар — батырлықтың, мықтылықтың символы, өніп-өрбу мен құт символы. Кей халықтарда қошқар образы билікпен теңестіріледі, оған мысал ретінде кейбір жазба деректер мен эпостық жырлардағы Орта Азия билеушілерінің тақтарын алуға болады. Тақтардың кейбір бөліктері мүйізі артқа қайырылған қошқар образына берілген.
Сондай-ақ қошқар бейнесі салынған қыш бұйымдар Сыр бойын, оның ішінде Отырар төңірегін мекендеген тайпаларға тəн болған. Оған дəлел — Отырар, Көкмарданнан табылған ыдыс қақпақтарының тұтқасы. Қошқар бейнелеріндегі мүсіндер тас қашау өнерінің ең озық үлгілері болып табылатын мүсіндерде қошқар бейнесі бейнеленген. Оған Үстірттегі «Қосаба» қорымының (Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы) қошқартастарын жатқызуға болады. Қолөнерімізде мүйіз тектес оюөрнектердің бірнеше түрі бар — қос мүйіз, төрт мүйіз, қырық мүйіз, қошқар мүйіз, арқар мүйіз, марал мүйіз, бұғы мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз т.б. өрнектер. Қазақстанда зергерлік өнері б.э.д. 2 мыңжылдықтың екінші жартысынан бастап белгілі. Зооморфтық өрнекке жататын арқар, қошқар, бұғы мүйіздері мен арыстан, жолбарыс, балық, қыран, аққу құстардың бейнелерін тұрмыстағы заттарға ойып, зерлеп тоқыған, бұлар əсіресе қола мен мыстан жасалған зергерлік бұйымдар арқылы бізге жеткен. Жануарлар бейнесімен əшекейленген бұйымның бірі — айналар Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Мысалы, Отырардан, Сарайшықтан, Павлодардың Ертіс бойынан, Еділ бойындағы алтынордалық кезеңнің ескерткіштерінен табылған балық бейнесімен безендірілген айналар ерекше көз тартады. Балық бейнесімен безендірілген айналарға тоқталатын болсақ, олар əсіресе зергерлік бұйымдарда көп қолданылады. Қазақтарда ол — су мен жер символы, тазалықтың символы. Сондай-ақ, этнографиялық деректер бойынша, балықтар жаман нəрселерді қуады, кеселден айықтырады деп сенген.
2024 жыл – Қытайдағы «Қазақстанның туризм жылы» болып белгіленді. Осыған орай, 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Түркістан облысының туризм саласының өкілдері мен Қолөнер одағының шеберлер белсене қатысты. Халықаралық көрмеге келушілердің назарына Қолөнер одағының шеберлері мен шәкірттерінің қайталанбас қолөнерлер туындылары ұсынылды.
2024 жылдың 7-9 маусым күндері Түркістанда «Шығыс базары» түркі халықтары қолөнер шеберлерінің симпозиумы өтті. «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануына байланысты ұйымдастырылған симпозиумға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің әр аймағынан озық үлгілі 30-ға жуық қолөнер шебері қатысты. Халықаралық шараға қатысушылар зергерлік, керамика, тоқыма, ұлттық киімдер тігу, құрақ тігу, кесте тігу, киіз басу, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу және басқа да қолөнер түрлері бойынша қайталанбас туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Қолөнершілерді қолдау, түркі мемлекеттер арасында мәдени байланысты нығайту және туризмді одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Айта кетейік, Түркістан қаласында «Turkistan Qol oner» одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Одақ құрамында 115 мүше бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінде 475 оқушы өз өнерін шыңдап жатыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат