Бейсенбі, 25 Қазан 2018 10:01

Түркістанда көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың шығармашылық кеші өтті

Түркістандағы ХҚТУ-дің Мәдениет орталығында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті ақыны Қасымхан Бегмановтың 60 жас мерейтойына орай «Сағыныштан тұрады тіршілігім...» атты шығармашылық кеш өтті.

Мерейтойда құрметті қонақтар Темірхан Медетбек, Тынымбай Нұрмағамбетов, Ұлықпан Сыдықов, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Марат Тоқашбаев, Жанарбек Əшімжан, Бахытжан Алдияр сынды ақын-жазушылар қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. Шығармашылық кешті облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып беріп, жылы лебізін білдірді. Еске сала кетейік, Түркістанның қала күнін тойлау барысында облыс әкімі ақынды келген қонақтармен бірге этноауылдағы ақ шаңқан киіз үйде арнайы қабылдап, ақ дастархан басында ауызба-ауыз құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапқан болатын. Одан соң туған ауылы Үлгілі және Бабайқорғанда ауылдастармен кеш өтті және сол жерде мектепте сынып-кәбинеті ашылған болатын.

Кешке қарай Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қонақтарға арнап дастархан жайып, құрмет көрсетті. Зиялы қауым өкілдері де тілек айтып, иығына шапан жапты. Шарада Құлбек Ергөбек бастаған ХҚТУ-дің ұстаздары тосын сый жасап, Қасымхан ақынға Ясауи атындағы төсбелгі тақты және Университеттің құрметті профессоры атағы берілгенін жеткізді.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1143 рет