Жексенбі, 28 Қазан 2018 21:08

Түркістанның туристік әлеуеті Түркияда таныстырылды

Түркияның Анталья қаласында «XIII Жібек жолы елдері қалаларының мэрлері» атты халықаралық форумы өткізілді. Жібек жолының бойында орналасқан мемлекеттердің туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға әлемнің дамыған 30 елінен 200-ге жуық өкіл қатысты. Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды «ontustik.gov.kz» сайтын сілтеме жасап. 

Төрт күнге созылған жиында қатысушылар туризм саласының жаһандануын, экономикалық әріптестік пен мәдени тәжірибе алмасуды нығайту мәселелерін кеңінен талқылады. Халықаралық шараға Қазақстанның атынан Түркістан облысының делегациясы қатысты. Жұмыс тобын бастап барған тарихшы, ғалым Саттар Мәжитов бұл форум мемлекеттер арасындағы іскерлік байланысты орнатуда таптырмас алаң екенін айта келе, жиында көтерілген мәселелерді қолдайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Анталья қаласының мэрі Мендерес Турелькөне қаланың туристік әлеуетіне қызығушылық танытып, форумға қатысқан Түркістан облысының өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақтарихи-мәдени мұраларға бай өңірді дамытуға Қазақстан ғана емес, күллі түркі әлемі ниетті екенін де жеткізді. Яғни форумға қатысушылар өңіріміздің туристік әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта іскерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін білдірді.

Айта кетейік, Түркістан қаласына келетін шетелдік қонақтардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы 1 млн. 160 мың турист шаһарға табан тіреген болса, биыл 8 айдың өзінде 900 мыңға жеткен.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 914 рет