Жыл басынан бері мемлекеттік мерекелердің маңызы ерекше аталып өтті. Халықаралық әйелдер күні мен Алғыс айту мерекесінен бастап, Наурыз мейрамы аясындағы он күндік шаралар мен Ұлыстың ұлы күні кең көлемде ұйымдастырылды. Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған шаралар да тиісті деңгейде өткізілді. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қаладағы білім беру мекемелері мен шығармашылық үйірмелердің қатысуымен «Бала-Шым» фестивалі сәтті өтті.
Қала халқының мәдени демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 27 шілдеден бастап әр сенбі сайын «Шымқала кештері» атты шаралар циклы өтіп жатыр. Бұл шаралар қазан айына дейін жалғасып, жиырма нүктеде он мыңнан астам көрерменді қамтыған.
Орынтаев Бауыржанның айтуынша, жыл соңына дейін қалада бірқатар маңызды мәдени оқиғалар күтілуде. Атап айтқанда, қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізіліп, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына орай жыр мүшәйрасы мен шығармашылық кеш ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ, мәдениет мекемелерінің де айтулы мерейтойларын атап өтуге дайындық қызу жүріп жатыр. А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың 125 жылдығы, Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 95 жылдығы және Көпшілік орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 70 жылдығы осы жылда кең көлемде тойланатын болады. Бұл іс-шаралар қаланың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалар болып, тұрғындардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға үлес қоспақ.