Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова мен орталық кітапхана директорының орынбасары П.Есенбеков ізгі тілегімен ашып берсе, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлшат Жаһанқызы іс-шараны қорытындылап, ризашылығын білдірді және бірнеше мәдениет қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ «Мақтаарал» мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық дәстүріміз жайлы көрінісін көпшілікке ұсынды.
«Мизам» - күн мен түннің күз айында теңелу сәтіне орай тойланатын жалпыхалықтық мереке. «Мал – баққандыкі, отын – шапқандыкі» демекші, ол малға – мал, жанға жан қосып, ала жаздай арқа еті арша, борбай еті борша болып еңбектенген бағбандар мен диқандардың құрметіне арналған той» - деді Алтын Күнтуқызы.
Фестивальде аудан тұрғындарының көне дәстүрге сай қысқа дайындық барысы, атап айтқанда, қой күзеу, қарынға май сақтау, ет сүрлеу, диқандар мен бағбандардың жинаған күздік өнімдері, т.б. көпшілік назарына ұсынылды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.