Халықаралық ғылыми-көпшілік конференция Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы және шетелдік және елімізге белгілі ғалымдар мен профессорлар қатысты. Б.Соқпақбаевтың шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдар жазушыға қатысты тың деректермен бөлісті.
Әдеби кеште ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы қазақ әдебиетінің алтын дәуірінің көрнекті өкілі, бабалар әдебиетін биік деңгейге көтерген Бердібек Соқпақбаев шығармашылығындағы шынайылықты, әділдікті, ерекше талантпен үйлесім тапқан көркемдікті атап өтті. Сондай-ақ қаламгердің қоғам келбетін айнытпай суреттеп, оған бала жүрегі арқылы баға беретін шеберлігін айтты.
Сан қырлы талант иесін ерте есейткен ауырлау балалық шағы, тартысты тағдыры, соқтықпалы, соқпақты шығармашылық жолы Б.Соқпақбаевтың өзі өмір сүрген қоғамда таланты, еңбегі лайықты бағаланбаған. Шығармашылығы жеңістер мен жеңілістерден тұрды. Ал, оның бір себебі, жазушының қоғамдағы қайшылықтарды бүкпесіз айтып, батыл сынайтын турашыл мінезі болатын.
Республикалық «Бір ел – бір кітап» жобасы аясында жазушы Б. Соқпақбаевтың шығармалары алдағы уақытта ел көлемінде насихатталмақ. Әлемдік және отандық ғалымдардың басын қосып «Балалар әлемінің бәйтерегі» атанған қаламгердің әңгімелері мен повестері білім ордаларында, мәдени орталықтарда кеңінен қамтылмақ. Бұл туралы «Әл-Фараби» атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова айтты.
Конференцияның екінші бөлімінде Шымкент қалалық жасөспірімдер және қуыршақ театры жазушының шоқтығы биік шығармасы «Менің атым – Қожа» повесін сахналады. Көрерменнің көзаймына айналған Қожа, театр әртістерінің көзқарасымен, режиссерлық шешімнің жоғары деңгейде болуымен тағы да жаңғыра түсті.