«Домалақ ана» операсы алғаш рет 2021 жылы 8 наурызда Халықаралық әйелдер күніне орай көрерменге ұсынылған болатын. Опера халықтың ықыласына ие болып, қазіргі уақытта Қазақстанның көптеген қалаларында сахналанып келеді. Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры және идея авторы Майра Мұхамедқызы әр маусымды «Домалақ ана» операсымен ашу дәстүрге айналғанын атап өтті.
Майра Мұхамедқызы жаңа маусымда көрермендерді көптеген жаңалықтар күтіп тұрғанын айтты. Солардың бірі — әлемнің үздік 10 операсының қатарындағы Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсының сахналануы. Қазіргі уақытта театр әртістері осы қойылымға қызу дайындалуда, ал премьера желтоқсанның 13-15 аралығында өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мәдениет басқармасының қолдауымен театрға жас буын әртістер келіп, шығармашылық топ кеңейіп жатқанын қуанышпен атап өтті. Майра Мұхамедқызы мәдениетке деген көзқарастың өзгеріп, жан-жақты қолдаудың болуы театр дамуына оң әсерін тигізетінін айтты.
«Домалақ ана» операсы екі актіден тұрады және оған 160 әртіс қатысады. Операның композиторы — Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Либретто авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров. Идея авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы. Қойылымның режиссері — Ресейдің «Үлкен театры» режиссерлік тобының меңгерушісі, әлемге танымал опера қоюшысы Михаил Панджавидзе.
«Домалақ ана» операсы қазақ халқының қасиетті ана бейнесін терең әрі тарихи шындыққа сүйене отырып, көркемдікпен жеткізген туынды.