Бейсенбі, 17 Қазан 2024 16:15

Шымкентте қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтуде

Қаладағы Көрме орталығында «Халық мұрасы – халық қазынасы» қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтуде. Іс-шараның басты мақсаты –қолөнер шеберлерін халыққа таныстыру, оларға өз тұтынушысымен дидарласып, іскерлік, сауда-саттық қарым-қатынас жасауға ашық алаң ұсыну, сондай-ақ, өскелең ұрпаққа ұлттық қолөнерді дәріптеу, насихаттау. 

Қолөнер – халқымыздың ерте заманнан келе жатқан төл өнері. Бойымызға қанмен сіңген бабалардан келе жатқан асыл мұра. Бүгінде қолөнер заман талабына сай өзгеріп, дамып келеді. Қолөнер тек бос уақытты өткізудің құралы ғана емес, көптеген адамның табыс көзіне айналып отыр. Осы орайда жыл сайын дәстүрлі түрде өңіріміздің қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында «Халық мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.

Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы іс-шараның ашылу рәсімінде күн өткен сайын қолөнер көрмесінің маңыздылығы артып, көпшілік сұранысына ие болып жатқанын атап өтті. Дәстүрлі түрде өтетін аталмыш іс-шараның қолөнерші мен халыққа берері мол.

Дәстүрлі қолөнер мерекесінде келушілерге шебер қолдардан шыққан туындылар – теріден, ағаштан, қыштан, темірден, киізден, зергерлік бұйымдардың, ұлттық нақыштағы киімнен бастап, барлық үй жабдығының кең ассортименті ұсынылуда.

Көрме-жәрмеңке сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Қала тұрғындарын, қонақтарын іс-шараны тамашалауға шақырамыз.

Оқылды 77 рет