Жексенбі, 20 Қазан 2024 10:00

Шымкентте Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған байқау өтті

Биыл Қазақстанның кәсіби сурет өнерінің шебері, дарынды суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды. Оның қолтаңбасы бар үш мыңнан астам картина қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасына айналды. Өз заманында ғана емес, ғасырлар өтсе де, Қастеевтің туындылары өз көркемдігін және маңыздылығын жоғалтпай келеді. 

Кейінгі ұрпаққа Қастеевтің шығармашылығын үлгі ету мақсатында жастар арасында дәстүрлі байқаулар ұйымдастырылады. Соның бірі А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өтті.

Байқауға ҚР суретшілер одағының мүшелері, танымал және әуесқой суретшілер, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, студенттер мен оқушылар қатысты. Жалпы 100-ден астам үміткер бақ сынады, олар түрлі жанрда шығармаларын ұсынып, ұлттық дәстүрді насихаттайтын туындыларды жариялады.

Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады. Қазіргі уақытта суретшілерге арналған шеберлік сағаты өтуде.

Айта кетейік, Қазақ кескіндемесінің пайда болуы мен дамуы Әбілхан Қастеев есімімен тығыз байланысты. Ол –қазақ даласынан шыққан талантты қылқалам шебері. Суретші салған картиналардан туған елге деген сүйіспеншілікті көруге болады.

Әбілхан Қастеев ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаған қазақ суретшісі, әйгілі кескіндемешісі, график-суретші. Оған дейін сәндік-қолданбалы суреттер кеңінен таралған болатын. Ал Қастеев пейзаж, портрет, тұрмыстық және тарихи, әлеуметтік тақырыптарда сурет сала бастады. Суретші Ұлы жүздің Суан руынан шыққан. Ол 1904 жылы 14 қаңтарда Алматы облысында дүниеге келген. Суретшінің ата-анасы кедей көшпелілер болған. Әкесі өмірден ерте өткен. Жастайынан қиындық көрген бала фермада жұмысшы болып еңбек етеді. Суретшінің шығармашылық қабілеті ерте көзге түседі. Ол ағаштан, сүйектен қолөнер туындылары мен ою-өрнектерді ойып жасаған. Ол адамдардың бейнесін жасауға тырысты, бірақ ислам дінінде жанды бейнені бейнелеуге тыйым салынған, сондықтан ауылдағылар оны айыптады, ал молда оған мешітке кіруге тыйым салды. 1926 жылы суретшінің отбасы Жаркентке көшіп келді, Әбілхан онда аула сыпырушы болып жұмыс істеді. Дәл сол кезде ол алғаш рет қолына қарындаш алып, бейнелеу өнерімен айналысуға бет бұрады. 1927 жылы Қастеев Түрксіб құрылысында жұмыс істеп, қарапайым жұмыс дағдыларын меңгереді. Оның сурет салуға құштарлығын құрылыс алаңының басшылығы байқап, талантты жігітті Алматыға оқуға жібереді. Алғашында қарапайым мектепте оқыған 25 жастағы жігіт өзін балалардың арасында ыңғайсыз сезінетін. Ол кезде қалада реалист суретші Николай Хлудов жұмыс істеді. Әбілхан Қастеев оның шеберханасында кескіндеме, бояумен, полотномен жұмыс істеу бойынша алғашқы білімін алып, классиктердің шығармалармен танысады. Тәлімгер жас дарынның бойында қазақтың этнографиялық байлығына деген қызығушылығын оятты. 1934 жылы Қастеев Абай атындағы байқауға қатысып, дипломмен марапатталды. Суретші Мәскеуде оқуын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Ол Крупская атындағы көркемсурет студиясында үш жыл білім алды. Сонымен қатар орыс тілін меңгерудегі қиындықтарды жеңді. Күнделікті өмірде қазақ диаспорасы оған көмектесіп, тұрғылықты жер мәселесін шешіп берді. Студент күндіз Третьяков галереясында уақытын өткізіп, атақты шеберлердің шығармаларын зерттеді. Соғыс жылдарында патриоттық әскери тақырыпта плакаттар жасау Әбілхан Қастеевке жүктелді. 1942 жылы Алматыда Әбілхан Қастеевтің алғашқы жеке көрмесі өтті. Содан кейін ол "Еңбек сіңірген өнер қайраткері" атағын, көп ұзамай "ҚазКСР халық суретшісі" атағын алды. 1940 жылдардың аяғында суретші Қазақстанның Орталық мұражайында жұмыс істеп, экспедицияларда қазақ мәдениетін зерттеді. Осы кезеңде ол ауыл өмірінің өзіне тән көріністерін акварельдік туындылар сериясы арқылы жасады. Қастеев шығармашылығының этнографиялық аспектілері туралы жазған мақала авторлары бұл еңбектердің әлі де өз зерттеушілерін күтіп тұрғанын атап өтті. 1950 жылдардың ортасында Әбілхан Қастеев біраз уақыт ҚазКСР Суретшілер одағының төрағасы болды, республика Жоғарғы Кеңесінің 4-6 шақырылымдарының депутаты болып сайланды. Суретші "Құрмет белгісі", "Қазан төңкерісі", "Еңбек Қызыл Ту" ордендерімен марапатталған. Әбілхан Қастеев пен зайыбы Сақыштың отбасында 6 ұл, 3 қыз дүниеге келді, олардан 11 немере сүйді. Әбілхан Қастеев 1973 жылы 2 қарашада дүниеден өтті. Суретші 1100-ден астам жұмыс жасаған, оларды көркем көрмелерде көруге болады.

Оқылды 327 рет