Сәрсенбі, 06 Қараша 2024 11:14

Шымкент: Халықаралық театр фестивалі ашылды

Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі өтті. Өнер мерекесіне елімізбен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжанның театр ұжымдары қатысты.

Салтанатты шараның алдында еліміздің танымал тұлғалары мен алыс-жақын шет елдерден келген сарапшылар құрамы журналистермен жүздесіп сұхбат берді. 

Ал, салтанатты жиын Ж. Шанин театрының 95 жылдығына арнайы дайындалған бейнефильммен бастау алды.Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ақжарма тілегін білдірді. 

- Мәдениет пен өнер адам өміріндегі ең маңызды сала. Өнер ұлттың жаны, ал мәдениет рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркенниетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап байыта түсу ортақ парыз,- деп Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев айтты. 95 жылдық тарихында түрлі оқиғаларды бастан өткерген театр, бүгінде мәдениет саласының рухани ордасына айналып отыр. Осынау жылдар ішінде тарихты сахналап, өнерді өрге сүйреп келе жатқан театрдың отандың өнерге қосқан үлесі қомақты деп білемін, деді Ғабит Әбдімәжитұлы. 

Ж.Шанин театры әрқашан өз көрерменін жоғары сапалы қойылымдармен қуантты, классикалық және заманауи қазақ драматургиясының жауһарларын сахналап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді. Театр сахнасында көрнекті режиссерлер мен актерлердің есімі танылып, талай жаңа таланттар ашылды. Бұл театрдың қазақ өнері мен мәдениетін дамытудағы рөлі орасан зор. 

- Театрдың ашылуы кездейсоқ емес. Алаш қайраткері, драматург және публицист Жүсіпбек Аймауытов Шымкентте драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып, қазақ ұлттық театрының қалыптасуына елеулі үлес қосқан. Осы театрда Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова сияқты ұлы тұлғалар өнер көрсетті,-деді драматург Сая Қасымбек. 

Бұл өнер мерекесі – шығармашылықтың, мәдениеттің және ұлттық дәстүріміздің жарқын көрінісі. Өнер саласында қажырлы еңбек еткен театр майталмандары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімінің алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 

сахнасында жүздеген спектакльдер қойылған. Мұнда тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал көптеген көрнекті актерлер мен режиссерлер өз мансабын бастады. Биыл труппаны 18 жас актерлар толықтырды. Шығармашылық ұжымда барлығы 88 адам, оның 55-і актерлер. «Өнерде шекара жоқ» демекші бұл шараға алыс-жақын бауырлас елдерден Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген және еліміздің айтулы театрлары қатысып, барлығы 10 театр өз өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар, фестиваль аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізеді.

 

Оқылды 250 рет