Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай деді.
Ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдығына арналған конференцияны университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева алғы сөзімен ашып берді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасар Сәрсен Құранбек, академик Оразалы Сәбденов, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы Бауыржан Жақып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжебек Матыжанов, Түркиядағы Гази университетінің профессоры Мұса Йылдыз құттықтау сөз сөйледі.
Мұнан кейін академик Ханкелді Әбжанов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы бастаған ғалымдар баяндама жасап, Алаш қайраткерлері мен «Ақ жол» газетінің Отан тарихында алатын орны мен оны зерттеу мәселелері жөнінде сөз қозғады.
Айта кетейік, 1920-1922 жылдары сегіз номері ғана шығып, кейін жабылып қалған «Шолпан» әдеби-саяси журналын Өзбекстандағы мұрағаттан алып, оны араб графикасы негізіндегі төте жазудан кириллицаға аудартқан, сол форматпен кітап етіп шығарған Ханбибі Есенқарақызының еңбегі өлшеусіз.
Сол сапарында «Ақ жол» газетінің 5-6 нөмірін Өзбекстаннан тапқан Х.Есенқарақызы басылымның 1920-1926 жылдары аралығында шыққан 613 нөмірін Ташкент, Мәскеу, Орынбор, Санк-Петербург пен Алматының бүкіл архиві мен кітап палатасын, мемлекеттік мұражай, орталық кітапхана мен тіл академиясының архивтерінен іздеп табады. Бәрін жиып-теріп, «Ақ жолды» баспадан 25 том кітап етіп шығаруы еліміздің рухани қазынасына қосылған мол байлық деп білеміз.
Халықаралық конференцияға барлығы 50 шақты ғылыми зерттеу еңбек келіп түсті. Оның ішінде көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары да бар. Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып басылып шығады.