Арнайы Түркі елінің астанасы - Түркістанның тарихымен танысу үшін Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті – Айдархан Калиев, Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша сарапшылары - Сохан Кумар Джа Үндістаннан, Түркиядан Махоотчиан Ялда, Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы бойынша вице-президенті және сарапшысы – Ле Ба Нгок келіп, қолөнер саласының дамуымен танысып, тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында Әзімбек Пазылбекұлы сан ғасырлық тарихы бар, мәдениеті мен өнері ұштасқан қасиетті шаһар туралы, Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алуының маңызды екенін атап өтті.
-Ұлы Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі болып, ежелден қолөнердің дамуына үлкен үлес қосқан Түркістан бүгінде «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесін алуға ниетті. Бүгінде қаламыздың қолөнер саласы өзінің терең тамыры мен ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, заманауи үрдістермен үйлесімді дамып келеді.Түркістандық шеберлер жасаған керамикалық бұйымдар өздерінің әсемдігімен, нақышты өрнектерімен және сапасымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта қолнершілерді қолдауға бақытталған үлкен жобаларымыз бар, -деді шаһар басшысы.
Өткен жылы Дүниежүзілік қолөнер кеңесі ұйымының 31 мүшесі Түркістан қаласында арнайы болып, қолөнершілердің жұмысымен танысып, жоғары баға берген болатын. Осыған орай, Түркістан қаласы аталған ұйымға мүше болу мақсатында өтінім берген. Бүгінде қала әкімдігі қолөнер шеберлерін қолдауға, олардың еңбектерін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған түрлі бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруда.
Басқосуда Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті – Айдархан Калиев қала әкіміне алғыс айтып, Түркістанмен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. Түркістанның Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алу – ортақ мақсат екенін айтып, осы жолда бірлесіп жұмыс істеп, қаланың қолөнершілеріне жаңа мүмкіндіктер мен қолдау көрсетуге сенім білдірді.
Бұл кездесу Түркістан қаласының мәдениеті мен қолөнерін дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадамдардың бірі. Жиында Түркістанның қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болуы үшін атқарылатын жұмыс бағыттары талқыланып, саладағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы артпақ.
«WWW.AQ-QARA.KZ» – ақпарат