Жексенбі, 11 Қараша 2018 20:50

Түркістан облысы: Шардарада қос мереке тойланды

Аудан жұртшылығы «Алтын күз» мерекесі мен Шардара қаласының 50 жылдық тойын кең көлемде атап өтті. Алдымен қаладағы Абай көшесінің бойында ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 

Қала тұрғындары картоптың бір келісін 70 теңгеден, күріштің келісін 150 теңгеден, қырықпа қауындардың әр данасын 100 теңгеден сатып алып жатты. «Абай» алаңында Шардара қаласының 50 жылдығына арналған көрмелер қойылса, «Абай» Мәдениет сарайында қос мерекеге арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шарада аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтау сөз сөйледі.

– Сіздерді Шардара қаласының 50 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз – 2018» мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздердің барлықтарыңыз да ағымдағы жылдың мол өнімінің өндірілуіне өзіндік үлес қостыңыздар. Сіздерге алдағы кезеңдерде де толағай табыстар мен жүздеріңізге жайдары көңіл, берекелі тіршілік тілеймін! - деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Аудан басшысы егістік алқапта атқарылған шаруаларға қысқаша тоқталып өтті. Биыл24 517 гектар жерге егілген мақталық алқаптың әр гектарынан 26,0 центнерден өнім жиналды, оның жалпы көлемі 63 744 тоннадан асты. Ағымдағы жылы «Қоссейіт», «Көксу», «Алатау батыр» ауылдық округінің мақташылары зор табыстарға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне егін су жеткізіп беру құнын арзандату мақсатында бүгінге дейін 18,3 млн.теңге, тыңайтқыштардың және ауыл шаруашылығы дақылдарын отандық өндірушілер өндірген гербицидтермен өңдеуге жұмсалған шығындардың құнын арзандатуға 460,0 млн.теңге қайтарымсыз берілді. Көктемгі егіс, егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлық – материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға 624 млн.теңге субсидиялық қаржы қайтарымсыз берілу қарсаңында. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 134,3 млн.теңге, ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға 12,4 млн.теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша – 0,3 млн.теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша – 19,5 млн.теңге алынды. Одан бөлек әр түрлі бюджеттік бағдарламалар негізінде аса қауіпті мал ауруларына, өсімдік зиянкестеріне қарсы дәрі-дәрмектер берілуде, ауыл шаруашылығы техникалары шаруаларға лизингіге босатылуда. 
Аудан әкімі залға жиналған халықты Шардара қаласының жартығасырлық мерейтойымен де қызу құттықтады.

– Бүгін тағы да бір айтулы дата – Шардара қаласына жарты ғасыр толып отыр. Шардара су электр стансасының құрылысына қатысқан, Шардара қаласының алғашқы қазығын қағып, ауданның аяққа тұруына сүбелі үлесін қосқан ардагерлеріміздің еңбегі бүкіл республика жұртшылығына мәлім. Қызылқұм өңірін игеруде ерен еңбектің үлгісін көрсете білген ардагер ағаларымыздың арқасында осындай шалқар теңізі бар, шырайлы Шардара қаласы аяққа тұрып қана қойған жоқ, сонымен бірге ақ маржан күріш егуде, асыл тұқымды мал өсіруде бүкіл республикаға атағы шықты. Шардара су қоймасының құрылысы басталған кезде сол кездегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген құрылысшылар, инженерлер тағы басқа да азаматтар бір үйдің баласындай еңбек етті. Осы қажырлы еңбектің арқасында Шардара ауданы республика көлемінде экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы аудандар сапында көріне білді. Біздің ауданда 22 ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Көпұлтты тың игерушілердің қажырлы еңбегінің арқасында Қызылқұм өңірі игерілді, бұл – халықтар достығының шынайы көрінісі деп білеміз, - деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Мұнан кейін ауылшаруашылығы саласы бойынша озат деп танылған ауыл округтері мен шаруа қожалықтарына аудан басшысы «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ Қызылқұм массивін иегеруге белсене қатысқан ардагер ағалар мен апаларға Шардара қаласының 50 жылдық тойына арнап шығарылған мерекелік медальдар табыс етілді.

Ауылшаруашылығы саласының еңбекккерлеріне деген сый-сияпатты аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев пен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұл да жасады.
Қос мерекеге арналған салтанатты шарада белгілі өнер жұлдыздары әуелете ән салып, мың бұрала биледі.
Қаланың 50 жылдығына арналған мереке мұнан кейін «Бақдәулет» тойханасында одан әрі жалғасты. Қалаға әр жылдары басшылық жасаған Ақмұрат Әбубәкіров, Оралбай Ақбердиев, Дүйсен Әділханов, Тұрсынқұл Байтұрғанов, Бұлтбай Мүтәлиев, Нұрмахан Сапаров, Жалғас Нұрымбетов сынды азаматтар мен әртүрлі салада еңбек етіп, бүгінгі таңда зейнет демалысына шыққан еңбек ардагерлеріне мерекелік медальдар мен сый-сияпаттар тапсырылды.

Кешке «Алты алаш» алаңында мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қала әкімі Ережеп Бекет құттықтау сөз сөйлеп, қаланың көркейіп-гүлденуіне өз үлестерін қосып келе жатқан бір топ азаматтарға марапаттар табыс етті. Өнер жұлдыздарының концертінің соңы мерекелік отшашуларға ұласты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1186 рет