Сәрсенбі, 16 Шілде 2025 10:08

Шымкентте жыл соңына дейін 200-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылады

Шымкент қаласы соңғы уақытта рухани-мәдени өрлеуімен де ерекшеленіп келеді. Қаламызда өтіп жатқан ауқымды мәдени іс-шаралар – осының айғағы.

 

Бүгінде қадада 22 мәдениет ұйымы жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 200-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл шаралардың қатарында ресми мерекелер, байқаулар, форумдар, театр премьералары мен тарихи-мәдени мұра бағытындағы жобалар қамтылған. Атап айтқанда, 31 жаңа театр премьерасы сахналанып, өнерсүйер қауымға ерекше тарту жасалмақ.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында қалада бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 1 наурыз – Алғыс айту күні, Наурыз мерекелері жорғары деңгейде аталып өтті. Сонымен қатар, Наурыз мерекесі аясында  «Күміс көмей», «Күміс домбыра» және «Күміс қалам» атты республикалық байқаулар ұйымдастырылды. Бұл жобалар жас таланттарды қолдауға бағытталып, дәстүрлі ән, ұлттық айтыс өнері мен поэзия  өнерінің дамуына үлес қосып жүрген жастардың өнеріне тың серпін берді.

Ал, 1 сәуір – Халықаралық күлкі күніне орай сатирик Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған «Шымкент думан» республикалық әзіл-сықақ фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше деңгейде аталып өтті. 

Биыл қаламызда   жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған «Мархабат Байғұт» апталығы басатау алып,  «Мархабат мақамдары» атты көсемсөз оқу байқауы және «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Бұл шаралар қаланың рухани әлеміне серпін беріп, жас қаламгерлерге шабыт сыйлады.

Мамыр айында қалада тағы бірнеше маңызды мәдени күндер аталып өтті. Атап айтқанда, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Маусым айы "Балаларды қорғау" күні мерекесімен басталды.  Одан соң қаланың басты мерекесі – «Қала күні» кең көлемде атап өтті. Оркестрлер айтысы, Қызқалдақтар қаласы симпозиумы, әуе шарлары фестивалі де шымкенттіктер үшін өткізілді. Шілде айы Астана күні мерекесін тойлаумен басталып, Ұлттық домбыра күнін атап өтумен жалғасты. Алда тағы да шымкенттіктер үшін талай мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Бәрі де Шымкенттіктер үшін. 

 

Оқылды 143 рет