Бейсенбі, 17 Шілде 2025 14:09

Шымкент: Сенат депутаты мәдениет және өнер саласы өкілдерімен тілдесті

«Шымкенттің бренді-өнерлі адамдар!» Осылай деген Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова өңірге сапары аясында мәдениет майталмандарымен жүздесіп, олардың жағдайымен танысты. Кездесу барысында өткір-өткір мәселелер қаузалып, жиналғандардың көкейінде жүрген сұрақтары тыңдалды.

 

Жиында мәдениет ошақтары өкілдері мен руханиятқа үлес қосып жүрген бірқатар азамат, мәслихат депутаттарының басы қосылды. Кездесуге қатысқандар сенатордан әуелі сала қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ықпал етуін сұрады. Әсіресе, қазір өзекті болып отырған театр ордаларындағы штат мәселесін қайта қарастыруды өтінді.

– Бүгінгі кездесу – мәдениет және өнер саласындағы нақты мәселелерді көтеруге, ұсыныстар айтуға және оларды заң шығарушы орган – Сенат деңгейіне дейін жеткізуге тиімді мүмкіндік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан заңдардың барлығы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Мәселен, “Мәдениет туралы” заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде «мәдениет ұйымы» және «мәдениет қызметкері» ұғымдары заңнамалық тұрғыда нақты айқындалды. Бұған дейін бұл терминдер тек бейресми деңгейде қолданылып келген болатын. Енді олар құқықтық негізде бекітіліп отыр. Бұл өзгерістер мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, олардың кәсіби дамуына оң ықпал етеді деп санаймын, – деді сенатор.

Сонымен қатар, ұлттық деңгейдегі мәдени-шығармашылық ұйымдарға ерекше мәртебе беру критерийлері енгізілгені айтылды. Кездесу аясында креативті индустрияны дамытуға бағытталған жаңа нормалар туралы да кеңінен сөз қозғалды. Бұл нормалар театрлар, мұражайлар және өзге де мәдениет мекемелеріне қатысты ішкі басқару, көркемдік кеңестердің ережелерін бекіту секілді ұйымдастырушылық процестерді реттеуге арналған.

Оқылды 61 рет