Сейсенбі, 22 Шілде 2025 20:35

«Street Food Fest»: Шымкентте ең үлкен гамбургер әзірленді

Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Street Food Fest» атты көше тағамдары фестивалі өтті. Ауқымды іс-шара қаланың гастрономиялық әлеуетін таныту, көше тағамдары мәдениетін дамыту және туристер үшін тартымды орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл фестиваль Шымкенттің гастрономиялық мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік болды. Қаладағы әрбір шағын бизнес пен аспаздық шеберлер өздерін жаңа қырынан танытуға тырысты, бұл өз кезегінде қала экономикасының дамуына да оң әсер етеді.

Фестиваль аясында келушілер үшін әртүрлі тағам түрлері ұсынылып, қаладағы үздік көше тағамдары сатушылары өз өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар аспаздық шеберлік сағаттарына қатысып, концерттік бағдарлама, көше билері мен акробатикалық қойылымдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шара барысында қолөнершілер аймағы да жұмыс істеді, мұнда қала тұрғындары мен қонақтары түрлі қолөнер бұйымдарын көріп, сатып алуға мүмкіндік алды.

Фестивальдің басты ерекшелігі — салмағы 67 келі тартатын алып бургердің дайындалуы болды. Бұл ерекше тағам «КИНЭС» рекордтар кітабына енгізіліп, «Қазақстандағы ең үлкен гамбургер» атағына ресми түрде ие болды. Гамбургердің көлемі ғана емес, оның құрамы да ерекше еді — түрлі түрдегі ет, көкөністер мен дәмдеуіштердің үйлесімі арқылы ерекше дәмді тағам дайындалды. Алып бургер кейіннен «City» қонақүйіне табысталып, қала қонақтары мен туристерге үлестірілді. Бұл мегабургердің қала тұрғындары мен қонақтары арасында үлкен қызығушылық тудырып, фестивальдің есте қаларлық бөлігіне айналды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Шымкент қаласындағы тамақтану орындары арасында байқау ұйымдастырылып, үздік мекемелер арнайы құрылған қазылар алқасының бағалауымен анықталды. Бұл байқау қаладағы ресторан, кафе және басқа да тамақтану орындарының қызмет көрсету деңгейін жақсартуға ықпал етері сөзсіз.  Жеңімпаздар марапатталып, арнайы сертификаттармен және естелік сыйлықтармен наградталды. Бұл шара қаланың тамақтану саласындағы бәсекелестікті арттырып, одан әрі сапалы қызмет көрсетуге деген талпынысты күшейтті.

«Street Food Fest» фестивалі — Шымкенттің креативті, заманауи және қонақжай қалалық келбетін паш еткен ерекше мәдени-гастрономиялық оқиға болды. Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына жазғы демалыс күнін әсерлі өткізуге мүмкіндік берді.

Оқылды 37 рет