Осыдан бір ай бұрын басталған байқаудың іріктеу кезеңдеріне 28 жұп қатысқан болатын. Жергілікті ақын-композиторлардың шағармашылықтарын жұртшылыққа насихаттау, тасада қалған жас таланттарға қолдау білдіріп, өз өнерлерін дамытуларына ықпал ету, жас ұрпақтың бойында ұлттық рух қалыптастыра отырып шынайы өнерді бағалауды үйрету және талантты жастардың республика көлеміндегі байқауларға қатысуларына жол ашу мақсатында ұйымдастырылған байқаудың ақтық кезеңінде жеті жұп өнер көрсетті. Жетісай аудандық саз мектебінің мұғалімі – Лаура Төренова, «Мырзашөл жұлдыздары – 2018» облыстық ән байқауының жеңімпазы – Нұрислам Әріпхан, «Асан шақырады» ән байқауының жеңімпазы – Абылайхан Қыдыралиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері – Нұрлыбек Мутаев, Жетісай аудандық мәдениет үйінің қызметкері – Абылай Аманбаев төрағалық еткен байқауда қатысушылар бірінші кезеңде патриоттық әндер шырқаса, екінші кезең еркін тақырыпқа құрылды.
Байқауда қатысушылардың әнді орындау шеберлігі мен сахна мәдениетіне, сахналық киімдері мен әннің мағынасына үлкен мән берілді. Ән сайысының қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орын Марал Шайхислам мен Аружан Ілиясқа берілсе, ІІ орынға Ерсұлтан Смаилов пен Береке Сазахан табан тіреді. Ал, байқаудың І орыны Нүркен Әшірбаев пен Ұлзия Қалмырзаға бұйырды. Байқау соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»