Сейсенбі, 04 Желтоқсан 2018 15:49

Түркістан облысы: «Дәстүрлі құндылықтар керуені» - Созақ ауданында

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбында мәдени-рухани көшпелі жиын Созақ ауданында өтті. Облыс тұрғындарының мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру, деструктивті діни ағым жақтастарын қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу және мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы бойынша халықты жан-жақты ақпараттандыру мақсатында өткен кездесуге облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен мәслихат депутаттары, имамдар, ауыл тұрғындары мен жастар өкілдері қатысты. 

Әңгіме-сұхбат түрінде еркін форматта өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет ашып, жүргізіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мен дәстүрлі Жолдауларын қысқаша баяндады. Өз сөзінде: «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп көрсеткен Ұлт Көшбасшысы терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласы арқылы қалың бұқараны бір серпілтіп тастады. Тылсым тарихтың жеті қырына тоқталып, өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғанын жеткізіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тура жолға бастаған дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді құрметпен қарауға шақырды.

Мұнан соң көпшілік ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі дініміз жөнінде арнайы дайындалған бейнероликті тамашалады. Отырыс барысында облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Мәди Әбзелбекұлы, аталмыш мекеменің бөлім басшысы Файзулла Тайтелиев, Түркістан облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Шолпан Мамытханова және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қабылбек Еспенбетовтер бабалардан мирас болып қалған дәстүрлі құндылықтарымыз бен асыл дініміз ислам жөнінде маңызды ойлары мен құнды пікірлерін ортаға салды. 
Бір-бірімен емін-еркін пікір алмасқан көшпелі отырысқа қатысушылар өз ойларын бүкпесіз ортаға салып, жиыннан мол мағлұмат алды.
 

Жиынды қорытындылаған Бекзат Әлмағанбет "Әр отбасының басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу. Бақытты отбасын құру бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиелілігіне тікелей байланысты" екендігін айта келе, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» - деп, дана халқымыздың тәрбиелі құндылықтарының маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа дұрыс жол көрсету мақсатында өткен ізгілікті іс-шара қонақтарына көпшілік атынан алғыс білдірді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1690 рет