Сейсенбі, 04 Желтоқсан 2018 19:06

Түркістан облысы: Созақ ауданында ұлттық дәстүрге негізделген байқау өтті

«Атадан өсиет – анадан ұлағат» атты мәдени шарада қазыналы қарттар ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптеді. Байқаудың негізгі мақсатыотбасылық құндылықтарды сақтау, жастарға тағылымды тәрбие беру, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. 

Аталмыш сайысқа ауданның ауыл округтерінен 13 топ қатысты. Үміткерлер байқау шартына сәйкес, әуелі өздерін таныстырады. Кейін салт-дәстүрге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды дайындауы тиіс.  

«Біз тарихы – тағылымға, дәстүрі – өнегеге бай мұсылман, Қазақ еліміз. Бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны қалдырған. Сан ғасырлар бойы ерлік пен елдікке, адамгершілік пен ізетке тәрбиелеп келген. Олай болса, осындай рухани мұрамыз келер ұрпаққа мыңжылға жететін рухани азық болатын белгілі» дейді Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов.

Сахнада өнер көрсеткен ата-әжелерсалт-дәстүрлерге бейім екенін байқатты. Ұзатылған қыз сағынып ауылға төркіндеп келгенде дайындалатын «Үлпершек» асын дайындады. Мәдени шараны тамашалауға келген тұрғындар халқымыздың ұлттық құндылықтарымен, әдеп-ғұрпымен танысты. Сахналық қойылымдарды көріп, рухани ләззат алды. 

«Бұл байқау бұрынғы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, атқарған жұмыстарын жастарға, келешек ұрпаққа насихаттауды мақсат етеді. Бұл – жыл сайын өтетін мереке. Теледидардан немесе кітап-газеттерден оқығаннан гөрі сахналық көріністер арқылы көрсеткіміз келеді» дейді Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов. Байқаудың қорытындысына сәйкес, «Қазына» және «Теріскей көші» тобы үшінші орынды иеленді. Жүлделі екінші орын «Қазыналы Сарыарқа» мүшелеріне бұйырды. Ал «Тайқоңыр» елдімекенінің «Уран әжелері» бірінші орынға қол жеткізсе, «Жылыбұлақ» тобы бас жүлдені иемденді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1661 рет