Бейсенбі, 02 Шілде 2026 13:47

Түркістанда «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы ұйымдастырылды

1 шілде – елімізде жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай және Ұлттық домбыра күні қарсаңында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті.

Ұлттық домбыра өнері мен күйшілік дәстүрді кеңінен насихаттап, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, жас күйшілердің шығармашылық әлеуетін дамыту және қазақтың күйшілік мектебінің сабақтастығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараға қаламыздағы өнерлі 20 жас бақтарын сынады. Байқаудың ашылу салтанатына арнайы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әліпов Мадияр Бақтыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Жантөреева Қалыйма Жантөреқызы, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Сәрсенбаев Ғаппар Амантайұлы қатысып, ұлттық өнердің ұлт болмысын сақтаудағы, рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, бүгіннен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған нормаларының елдің құқықтық дамуы мен қоғамдық жаңғыруындағы тарихи маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға 9–21 жас аралығындағы 20 жас күйші қатысып, орындаушылық шеберліктері тәжірибелі қазылар алқасының бағалауынан өтті.

Байқау нәтижесі бойынша:

Кіші топ (9–14 жас):

Бас жүлде – Әбдірахман Жомарт Абдусаламұлы («Ақжайық» музыка мектебі);

І орын – Серікбай Нұрболат Нұрланұлы (Түркістан балалар саз мектебі);

ІІ орын – Бәкір Бекнұр Өмірханұлы (Түркістан балалар саз мектебі), Байбосын Айзере («Ақжайық» музыка мектебі);

ІІІ орын – Әсілхан Айзере Мәдиқызы («Айнамкөз» өнер мектебі), Серікбай Мадияр Қанатұлы (Б.Саттарханов атындағы футбол академиясының «Домбыра» үйірмесі).

Арнайы номинациялар:

«Төлеген Момбеков атындағы» – Сәрсенбек Әділет Талғатұлы («Білім кемесі» мектеп-лицейі);

«Сүгір Әліұлы атындағы» – Момиш Алмаз Талғатұлы (Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы);

«Дина Нұрпейісова атындағы» – Исмаилова Раян Маратовна («Айнамкөз» өнер мектебі).

Ересек топ (15–21 жас):

Бас жүлде – Маханбет Дәурен Қайратұлы;

І орын – Асқарұлы Асылжан;

ІІ орын – Рамазан Саят Қанатұлы, Оспан Аманжол Алмасханұлы;

ІІІ орын – Абдыхаил Дильназ Русланқызы (Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті), Шынтемір Нұрдәулет Қайратұлы (Түркістан балалар саз мектебі).

Арнайы номинациялар:

«Көрермен көзайымы» – Момиш Назерке (Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті);

«Шебер орындаушы» – Шалқар Арайлым Алматқызы (Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы);

«Сүгір Әліұлы атындағы» – Ахметхан Диас Марипханұлы (Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы);

«Дина Нұрпейісова атындағы» – Ұзақбай Ералы Ерзақұлы (Түркістан балалар саз мектебі);

«Төлеген Момбеков атындағы» – Өтебек Балнұр Ілесбекқызы (М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектебі).

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осы тұста Дина Нұрпейісова мен қазақтың күйшілік өнері туралы да азды-көпті айта кетсек. Қазақ аналарының арасынан тұңғыш күйші болған Дина Нұрпейісова. Халық әртісі, күйші, композитор, қазақ халқының мәдениет қайраткері Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Қастерлі күй өнерін хас шеберлігімен ерекшелендіре білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісова әлемі мен шығармашылығы ғасырдан ғасырға жетер сырлы да сынды сандық. Әкесі жас кезінен домбыра өнеріне баулыған Дина 1870 жылы алғаш рет Құрманғазымен кездеседі. Жас Динаның болашағына кәміл сенген Құрманғазы оның өнеріне дән риза болып, шығармашылық достықты «Менің оң қолым мен Динаның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді» деген сөздері айқын аңғартады. Динаның шығармашылығының арқауы халық музыкасына сүйеніп өзі де күй шығара бастайды.

«Сахнаға шығып бір-екі күй тартқаннан соң-ақ өзімді-өзім ұмытамын. Бусанып тер шығады. Арқам кеңіп, шабытым бәйгеге түскен сәйгүліктің алтын тағалы тұяқтарындай жазылып, құлашым кеңейіп арқаланып кетемін...» Бұл – қасиетті күй өнерінің сәйгүлігі, домбыраның құлағында ойнаған аңыз әйел Дина Нұрпейісованың сөзі. Жаратқан алып дарынды бойына дарыта салған Дина қаршадай күнінде-ақ домбыра үнін күмбірлетіп, ел арасында «күйші қыз» атанып кетті. Күй атасы жайлы Дина «Дәулескер күйшімен әр жолыққан сайын бір жаңалық тауып, сонылыққа үйрене бердім» деп еске алса керек. (немересінің сұхбаты). Дина Нұрпейісова тоғызынан он тоғызына дейін Құрманғазының баулуымен домбыра өнерінің тылсымына тереңдей түсе, жарық жұлдызға айналды.

Батыс өңірінен күн болып шыққан Динаның фамилиясы жайлы екі түрлі дерек бар... Он тоғыз жасқа жетіп, бойжеткен шағында Дина Қанас есімді жігітке ұзатылады. Көп ұзамай, жас шаңырақта шақалақ үні естіліп, олардың тұңғышы – Нұрпейіс дүниеге келеді. Алайда, әлдиінің қызығына бата алмай, күйшінің жары дүниеден ертерек озады. Ал жесір қалған Дина әмеңгерлік жолмен қайнысы Шәпекке тұрмысқа шығады. Он төрт жасына жетіп, оның тұңғышы Нұрпейіс те дүниеден өтсе керек. Кейіннен халық санағын тізімге алғанда, Динаның өз фамилиясының орнына қайтыс болған баласының есімімен Нұрпейісова деп тіркеген деседі. Ал атақты күйші ананың немересі айтуынша, Нұрпейіс – оның алғашқы жолдасының есімі. Дина жастай қосылған жарының есімін фамилиясы ретінде өз еркімен таңдап алған.

Бақыт шабыттандырады... Динаның мөлтілдеген күй сырымен көмкерілген әсем туындылары әйел бақытына бөленіп, отанасы атанған шағында туған. Ұлы өнермен егіз жаралған жаны киелі домбырамен біте қайнасып, тұлпар шабытынан туған күйлерінің әрайсысы құнды. Олардың әрбірінің өз тарихы бар. «Кербез» күйі нағыз қазақ аруы – өз абысынына арналса, «Қарақасқа» − өзі ұзатыларда әкесінің мінгізген атына сүйіспеншілігін жеткізеді. Ал тыңдаушыны әлдилеген аяулы сазды «Әсем қоңыр» күйі өз перзентіне арналса керек-ті. Кейбір жерде бұл күйді ұлы Қоңырға арналады десе, немересінің сұхбатында алысқа ұзатылған Әсемқоңыр есімді қызына арналатын көрінеді. Динаның адамды бей-жай қалдырмай, түрлі оймен толқындататын баға жетпес туындыларының біразы халық жолына да бағышталады.

1937 жылы халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлде алған Дина 1939 жылы Москвада өткен халық аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында «Домбыраның Жамбылы» атанады. Күйші анамыздың «Тойбастар», «Бұлбұл», «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Еңбек ері», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Партия туралы күй» «Сегізінші март», «Сауыншы», «Көгентүп», «Он алтыншы жыл», «Он жетінші жыл», «Науысқы» және тағы да басқа күйлері өнерсүйер қауымның жанына жақын, жанын жадыратар, әуені асқақ екенін ауыз толтыра мадақтай аламыз.

Күйшілік – киелі өнер. Күй – мұңдасың, сырласың. Аса қастерлі қазақтың қара домбырасының қасиеті, қос ішектің қоңыр үні кез-келген жанның жан дүниесін тебірентіп қана қоймай, өмірдің мән-маңызын ұғындырып бірде қуантады, бірде жылатады. Күй – біздің халқымыздың рухани болмысының, дүниетанымы мен мәдениетіміздің тұғыры биік асыл мұрасы саналады.

Халықтың мәдени болмысында ән мен күй жанрлары кеңінен қарқындауымен қатар, жеке әншілік пен жеке аспапты орындаушылық (күйшілік) концерттік түрде, биік көркемдік және шеберлік деңгейіне жоғарылады. Эстетикалық және музыканы қабылдау қабілеттер мен көзқарастар жаңашыл жолдармен қалыптасып, өнер саңлақтарының статусы көтеріледі: бақсы, жыраулардың рухани мұрасын ақын, әнші, өлеңші, күйші, сал, серілер кәсіби (авторлық) институт сатысына жеткізді. Сонымен, өнер иелері - оны шығарушылар, орындаушылар және насихаттаушылар - қазақ өмірінде биік әлеуметтік мағынада танылып, ерекше сый-құрметке, ұлт сүйіспеншілігіне бөленді.

Біздің көшпенді өркениетіміздің тарихында домбыраның орны мен маңызы ерекше. Домбыра қазақтың жаны мен тәні, сырын шертетін айырылмас досы. Академик Ахмет Жұбанов айтқандай, «ат жалында, түйе қомында» домбыраның үні арқылы сан-сиқырлы ойлар мен толғаныстар күмбірлеп, сөйлегендей... Халқымыздың рухани тарихында көптеген дарынды домбырашы, атақты күйшілердің есімдері үлкен сый-құрметпен айтылып, зеректікпен сақталған. Олар - Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бапыш, Түркеш, Есбай, Есір, Дәулеткерей, Құлшар, Тоқа, Тәттімбет, Қыздарбек, Мәмен, Салауаткерей және т.б.

Әр өнер өкілдері өздерінің жалғасын талантты шәкірттерінен тапқан («ұстаз - шәкірт»), ал жас домбырашы күйші ұстаздан алған тәлім-тәрбиесін өсиет ретінде ұқыптылықпен одан әрі дамытқан. Соның нәтижесінде үздік күйшілік өнер атадан балаға мирас болып, халықтың асыл қазынасына айналған. Домбыра музыкасы өзінің тұрақты (стабильді) музыкалық өзектерін сақтап, жаңа тәсілдермен көркемделініп, орындаушылық және стильдік түрінен «төкпе» және «шертпе» деп жүйеленеді. Оларда негізгі музыкалық тақырып канонды (өзгертілмейтін) әдістермен өзектеліп, күй мақамы әндік және речитативтік интонациялармен безендіріледі. Төкпе күйдің тұрақты элементтері негізгі ой-образдарды екпінді, қажырлы, жігерлі, динамикалық желіске толы музыкамен сомдайтын болса, шертпе күйлер - жүрек тербететін сарындармен, сүйкімді және мәнерлі әуен ырғақпен, философиялық терең толғаныспен ажарланады. Құрылымдық, жанрлық, өзіндік ерекшеліктерімен сипатталатын домбыралық күйлер Батыс, Маңғыстау, Шығыс, Арқа және Жетісу аймақтық аспапты музыканың мектептерін құрған.

Күй мәдениетінің тарихи түрде даму жолдарында, мысалға, айтыс күйлерін айта кетуге болады. Маңғыстау өңірінде кең тараған өнердің бұл түрі фольклорист-ғалым Қ.Сыдиықұлының ойынша, қолма-қол тұтқиылдан күй шығарып, өнер сайысына түсу, жарысудан тұрады. Нақтылы дерек ретінде ол күйші Өскенбайдың түрікмен дутаршысы Құлбаймен күй тартысына шыққанын келтіреді. Ғалым «күй айтысы, күймен өнер жарыстыру - халық композиторларының ерте кезден келе жатқан импровизаторлық дәстүрінің бір үрдісі» [3, 303], - деп тұжырымдайды. Аталған стильдік бағыттарда көптеген классикалық деңгейде шығарылған күйлердің саны бірталай. Сонымен, күйде халықтың дүниетанымы, руханияттық байлығы сақталып, ұлт менталитетінің айнасы ретінде жаңа заманда өзінің жалғасын тапты20.

Қазақ халқының өнер жұлдыздарының арасында аспапты музыканың алыбы, ұлы классик Құрманғазы Сағырбайұлының орны асқар таудай. «Күй атасы» аталған дара тұлғаның қоғами-әлеуметтік көзқарасы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азаттық көтерілісінің ықпалынан қалыптасты. Туған халқының бақыты үшін жандарын қиған батырлардың өмірі мен ерліктері болашақ күйшінің рухын қанаттандырып, өжет пен күш, қайрат берді. Исатай мен Махамбеттің есімдері жас Құрманғазыға ерлік пен бостандықтың символы ретінде қабылданды. Оған әсіресе ел арасында кең тарап, жатқа айтылып жүрген Махамбеттің жалынды өлеңдері ерекше әсер еткен.

Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнап шығарған «Жалын», «Кішкентай», «Көбік шашқан» күйлері аттары аңызға айналған батырлардың ғасырлар бойы өшпес ерлігінің музыкалық ескерткіші ретінде бағаланады. Бұл шағын симфония тәрізді шығармаларда ұлы сазгер-суреткер туған халқының жан-жақты образын - оның шыдамдылығы мен қаһармандығын, төзімталдығы мен күрескерлігін, бостандық сүйгіштігі мен ұлылығын асқан шеберлікпен бейнелейді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 70 рет