Бейсенбі, 13 Маусым 2019 18:43

Түркістан облысы: «Ұлы даланың Түркістаны» фотоэкспедициясы басталды

Бүгін Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай «Ұлы даланың Түркістаны» атты республикалық фотоэкспедиция басталды. Мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді орындау, өңірдің киелі және туристік орындарын насихаттау. 

Аталған фотоэкспедиция Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен және аудан, қала әкімдіктерінің қолдауымен өтіп отыр. Республикалық деңгейдегі экспедицияға «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы (Алматы қаласы)  бастаған фототілшілер қатысып жатыр. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен ШҚО, Жамбыл, Қызылорда, БҚО және Түркістан облысынан 15 кәсіби фототілші шақырылған. Олардың арасында Балмұрат Орынбай, Оңғарбек Алхаров, Мерей Қайнарұлы, Айтжан Мурзанов, Қайрат Шалтақбаев және өзге де танымал фотографтар бар.

Сурет саласының майталмандары Түркістан, Кентау қалаларымен қатарСозақ, Бәйдібек, Отырар, Сайрам, Төлеби, Түлкібас және Қазығұрт аудандарының киелі және туристік орындарын суретке түсіреді. Бір аптаға созылатын экспедицияда түсірілген туындылар 17 маусымда Түркістан қаласында өтетін «Ұлы даланың Түркістаны» атты сурет көрмесінде ел назарына ұсынылады.

Еліміздің ең таңдаулы фотографтары Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістерге ризашылықтарын білдірді. Республика бойынша туристік және киелі орындардың көп шоғыры орналасқан Түркістан облысының тарихи ескерткіштері мен орындарын суретке түсіріп, жұртшылыққа жеткізетіндерін айтты.

2018 жылы 19 маусымда Елбасы, ҚР Тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл ақжолтай жаңалықты қазақ халқы ғана емес, түркітілдес мемлекеттер де қуанышпен қабылдады. Осы бір жыл көлемінде Түркістанда ауқымды жұмыстар қолға алынды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 724 рет