Фестиваль аясында келушілерге ауданның қолөнер шеберлері әзірлеген ұлттық нақыштағы бірегей бұйымдар көрмесі ұсынылып, шеберлердің қатысуымен арнайы шеберлік сағаттары өткізілуде. Қазақтың дәстүрлі қолөнерінің озық үлгілері көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық өнердің терең тамыры мен тәрбиелік мәні кеңінен дәріптелуде. Сонымен қатар Созақ ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданның еңбекқор шаруалары өндірген табиғи әрі сапалы өнімдер тұрғындар назарына ұсынылды. Жәрмеңке келушілерге өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысуға мүмкіндік беріп, жергілікті өнім өндірушілердің еңбегін насихаттауға жол ашты.
Іс-шара барысында Созақ ауданының сан ғасырлық тарихы, мәдени мұрасы, салт-дәстүрі, өнері мен бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жан-жақты таныстырылып, өңірдің туристік және мәдени әлеуеті кеңінен насихатталуда. Фестивальдің шарықтау шегі ретінде аудан өнерпаздарының қатысуымен ауқымды мерекелік гала-концерт өтеді. Концертте Созақтың талантты өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мерекелік кештің арнайы қонағы – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Нұржанов. Өнер иесінің әсем әндері фестиваль көркін қыздырып, рухани кештің сәнін келтірмек.
Созақ – шежірелі тарихы, бай мәдениеті, киелі мұрасы мен дарынды өнерпаздары тоғысқан қасиетті өлке. Бүгінгі мәдениет күні – сол асыл құндылықтарды қалың жұртшылыққа танытып, ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтайтын тағылымды мереке.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат