Жексенбі, 05 Шілде 2026 18:57

Созақ ауданында Ұлттық домбыра күнінде жас аналарға домбыра сыйға тартылды

Ұлттық домбыра күніне орай тағылымды шара ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Созақ аудандық ауруханасының перзентханасында мереке күні дүние есігін ашқан сәбилердің аналарына домбыра тарту етілді.

Ізгі шараға қатысқан Созақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Рысты Райымқұлова жас аналарды қуанышты сәттерімен құттықтап, сәбилерге ақ батасын берді. Ұлттық өнер мен салт-дәстүрдің сабақтастығын дәріптейтін домбыраны табыстады.Игі бастама – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына қазақтың төл өнеріне деген құрметті туған күнінен бастап сіңіруге бағытталған тағылымды шара. Сәбилердің өмір жолы домбыраның күмбірімен басталып, елін сүйетін, ұлттық рухы биік азамат болып ер жетуіне ізгі тілектер айтылды.

Айта кетсек, 2018 жылдан бастап жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні – қазақ мәдениеті мен рухани мұрасының басты рәміздерінің біріне арналған мереке ретінде атап өтіледі. Қазақ халқының өзіндік мәдениеті мен өнерін домбырасыз елестету мүмкін емес. Бұл жай ғана музыкалық аспап емес, қазақ халқының рухани мәдениетінің символы, ол арқылы ғасырлар бойы ұлттың тарихы, дәстүрлері мен тағдыры берілген. Домбырада - қазақ халқының көп ғасырлық тарихы, азабы, қайғысы мен жаны бар.

Қазақтарға тән тектілік пен жомарттық әрқашан музыкалық шығармалар мен күйлерде көрініс тапты. Қазақ халқының тарихын, оның тағдырын, ішкі әлемін және халықтың ең жақын дүниесін бейнелейтін домбыра мен күй 2014 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Қазақ халқы бұл ұлттық музыкалық аспаптың әлемдік қауымдастық мойындаған Мәдени мұра екенін мақтан тұтады. Бұл баға жетпес байлық – әрбір қазақ үшін қасиетті міндет.

Домбыраның екі түрі бар — батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды.

 

Аспаптар көлемімен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйші, олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. Қазақтың қазақтығын көрсететін ол бірден — бір — домбыра болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 53 рет