Сериал желісінде діни көзқарасын қалыптастыру кезеңіндегі жастардың әртүрлі ақпарат көздері мен өзге адамдардың ықпалына ұшырауы, сондай-ақ мұндай сәттерде отбасының қолдауы мен ақыл-кеңесінің маңызы баяндалады.
Туынды режиссері Олжас Уәлхановтың айтуынша, сериалға арқау болған тақырып қоғамда жиі кездесетін мәселелерден туындаған. Шығармашылық топ сценарийді әзірлеу барысында теолог мамандардың пікіріне жүгініп, олардың тәжірибесінде кездескен оқиғаларды негізге алған.
– Қоғамда діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастар бар. Осындай жағдайлардың алдын алуға үлес қосқымыз келді. Сценарийді әбден сүзгіден өткізіп, теологтермен сұхбаттастық. Олар тәжірибесінде кездескен оқиғаларды айтып берді. Соның негізінде өзіміз де көркемдік тұрғыдан толықтырдық. Сериалды қазіргі заманмен байланыстырып, жастардың қызығушылығына сай түсіруге тырыстық. Мұнда тек диалогтерге емес, оқиға мен отбасы құндылықтарына да басымдық берілді. Жеңіл ақшаға қызығып, ата-анасын тыңдамай, жат ағымның ықпалына түсетін жастарды сол жолдан қайтаруды көздедік. «Жол» атауының мәні де осында. Әр адамның өз жолы бар, бірақ тура жолдан адаспау керек. Егер сериалды көрген он адамның біреуі болса да теріс бағыттан қайтса, біз үшін бұл үлкен жеңіс, – дейді Олжас Уәлханов.
Көрсетілімнен кейін пікір білдірген Шымкент қаласы Полиция департаментінің Қылмыстық-атқару жүйесіндегі жедел бөлімінің жедел уәкілі Жандос Асанов та туындыда қозғалған мәселенің маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, жастардың теріс діни ағымдардың ықпалына түсуіне әлеуметтік желілерде таралатын бейнематериалдар да әсер етеді.
Маманның айтуынша, кейбір жасөспірімдер мен жастар интернеттегі ақпаратты қызығушылықпен көргенімен, оның мазмұны мен астарына үңіле бермейді. Соның салдарынан күмәнді мәліметтерге сеніп, қате түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан желідегі кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, оның шынайылығын тексеру маңызды. Сонымен бірге әрбір іс-әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін ұмытпаған жөн.
Жандос Асанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174 және 256-баптарында діни алауыздықты қоздыру, терроризмді насихаттау және оған жария түрде шақыру әрекеттері үшін заңды жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Айта кетейік, «Жол» сериалының сценарийін Тағай Нұралиев пен Әлкен Маумберлиев бірлесіп жазған. Түсірілім жұмыстары 25 мамыр мен 22 маусым аралығында Шымкент қаласында өткен. Сегіз бөлімнен құралған сериалдың әр эпизоды 15 минуттық. Көрермендер туындыны YouTube желісі арқылы тамашалай алады.